$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкентте қыстың алғашқы күні бақ-бақ гүлдеді

01.12.2023ж. 20:00
1072
Шымкентте қыстың алғашқы күні бақ-бақ гүлдеді

Иә, ғаламдық жылыну дегбірімізді қашырды. Оны өзіміз де сезіне бастадық. Қыс қаһарына мінетін түрі жоқ. Бас шаһарға мезгілдің сәні саналатын қардың жауғанына балаша қуандық. Ал Оңтүстікте көктем келгендей бақбақ гүлдеп жатыр. Тілшілерімізді тыңдайық.

Сүндет ОРАЛБЕК,ТІЛШІ:

Астанаға қыс әдеттегіден кеш келді. Бұл кезде қар борап, қозғалыс кәдімгідей қиындайтын. Көпшілік әлі қалың киімдерінде киген жоқ. Ауа температурасы 4 градустың шамасында ғана. қалың қар жаумаса да коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 2000-нан астам адам мен мыңнан астам техника қар тазалау жұмыстарына кіріскен. Бірінші кезекте орталық көшелер, аялдамалар мен тротуарлар тазаланды.

Ержан АЙТМАХАНҰЛЫ, "АСТАНА ТАЗАЛЫҚ" ЖШС ӨНДІРІС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Бүгінгі таңда 5-6 см көлемінде қар түсті. Бүкіл коммуналдық қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Қазіргі уақытта қаланың 42 пайызының қарын тазаладық. Қалғаны жеке меншік компанияларға тиесілі.

Қалада көктайғақ бола қойған жоқ. Соның өзінде 80-нен астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көліктердің дөңгелегі түгелімен қысқы шинаға ауыстырылмаған салдары бұл. Бүгіннен бастап жүргізушілерге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуда. Егер жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса айыппұл екі есеге өседі. Жаяу жүргіншілер де абай болуы қажет.

БЛИЦ-САУАЛНАМА

- Бұрындары қарашада қар жатып, сырғанап жататынбыз ғой. Ұнамай жатыр ауа райы Астананың.
- Қыс болуы керек қой. Ұнайды әрине. Қыс қарымен сұлу.
- Аяз болуы керек. Сонда ауру да болмайды. Жақсы ғой денсаулыққа пайда. Әлде де жаусын қар.
- Қыстың негізі табиғаты ерекше. Жазға, күзге қарағанда қысымыз тәуір.

Сүндет ОРАЛБЕК,ТІЛШІ:

Синоптиктер алдағы аптада еліміздің басым бөлігінде күн суытады деп болжауда. Солтүстік пен батыста өңірлерде 21 градусқа дейін аяз болады. Ал Оңтүстікте тек 5 градусқа дейін суытады. Айзада, Шымкентте қыстың сәні саналатын қар қашан жауады деп болжануда?

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Сүндет, шымкенттіктерге әзірге қардың ауылы алыстау секілді. Қазгидромет мамандары желтоқсан айының ортасына дейін өңірде ақ ұлпа күтілмейді деген болжам айтуда.

Тіпті бүгін қыстың алғашқы күні екеніне сену де қиындау. Күнтізбеге қарамасаң, құдды көктем секілді. Шымкентте күн шайдай ашық. Қала көшелері мен саябақтарда жүргендер жеңіл киінген. Жастар қарды сағынғандарын айтады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Ешқандай қысты былай сезініп тұрған жоқпыз. Күннің шығып тұрғаны өте керемет болып тұр бір жағынан. Но былтырлары ноябрьде уже қар жатты, қарды да сағындық. Енді қардың жауғанын да күтіп отырмыз.
- Алдыңғы жылы кәдімгідей суық болды деп айтсақ та болады. Бұл жолы сәл жылыныңдар деген сияқты ма, қайттан көктем шығып жатқан сияқты... Былай жақсы ауа райы, ұнап жатыр.

Өткен тәулікте аймақта тұман түсіп, ауа температурасы біршама төмендеген еді. Қыстың жақындағаны сезілген. Алайда, бүгін көктем іспетті. Тіпті саябақтарда көк өскін қайта шығып, бақбақ гүлдеп тұр.

СтенАйзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ауа райын болжаушылар алдағы аптада жауын –шашын күтілмейтінін айтады. Желтоқсанның алғашқы онкүндігінде ауа температурасы сынап бағанасынан төмен түспейтінін болжауда. Күндіз + 13 -17 градуқа дейін жылы болады. Тек желтоқсанның үшінші онкүндігінде ғана күн суытады деп күтілуде.