$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ұлттық экспорт орталығын құру ұсынылды

AstanaTV
08.12.2016ж. 20:00
2294
Ұлттық экспорт орталығын құру ұсынылды

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұлттық экспорт орталығын құруды ұсынды. Палата төралқасының кеңейтілген отырысында осындай бастама көтерілді. Егер аталған орталықтың 51 пайызы палатаға сенімгерлікпен берілетін болса ұлттық экспорт орталығына «Атамекен» үйлестіруші бола алады.

Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

Ұлттық экспорт орталығы дипломаттық қызметті, шетелдегі инфрақұрылымды, экспортты дамыту, сақтандыру, қаржыландыру сияқты қызметтерді тиімді пайдалануы керек. Сонымен қатар, «ҚазЭспортГарант», «KAZNEX INVEST» және «Даму» қорының қызметтерін біріктіруі қажет. Бұл жерде ұлттық экономика министрлігі немесе сыртқы істер министрлігі экспортқа жауап беретін бірыңғай орган ретінде шығуы керек.

Әлтаевтың айтуынша, жақын арада экспорт көлемі ұлғая түспек. Ресейге шығарылатын тауарлар сомасы 330 млн долларға, Қытай нарығына жол тартатын өнімдер 680 млнға және Парсы шығанағы елдеріне экспортталатын тауарларды 370 млн долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Палатаның кеңейтілген отырысына қатысқан Үкімет басшысы Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға келгенде үнемділіктің аса қажет екенін ескертті.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Егер алдағы уақытта осылай жалғаса берсе, Ұлттық қорда қаражат қалмайды. Есептеуімізше, біздің тәбетіміз мұнай бағасы 100-115 доллар кезіндегі күйде қалып отыр. Қазіргі баға мүлде басқа. Алайда қордан әлі де ала бергіміз келеді. Ұлттық қор қаржысын қолданудың жаңа тұжырымдамасы дайын және ол 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Президент қолдау білдірді, сондықтан келер жылдан бастап ұлттық қор қаржысын мүлде басқаша қолданамыз.