Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Жол бойындағы сервис әлі дамыған жоқ": Смайылов әкімдердің жұмысына шүйлікті

AstanaTV
05.12.2023ж. 11:41
600
"Жол бойындағы сервис әлі дамыған жоқ": Смайылов әкімдердің жұмысына шүйлікті

Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеміз. Осылай деген премьер-министр Әлихан Смайылов жүк тасымалдау саласындағы мәселелерді айтып берді. Үкімет басшысы осы жұмыстарды дұрыс атқара алмай отырған әкімдерге сын тақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет басшысы Қазақстан арқылы 8 халықаралық автомобиль дәлізі өтетінін айтты. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 13 мың шақырымды құрайды.

"Негізгі күре жолдардың қатарында Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Солтүстік – Оңтүстік, ТРАСЕКА бар. Үкімет аталған бағыттар бойынша жүк тасымалын ұлғайту және жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бұл саладағы кедергілерді барынша қысқарту қажет.Олардың қатарына шекарадағы кептелістер мен құжаттардың ұзақ рәсімделуін, инфрақұрылым сапасын, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығын және көптеген басқа да жайттарды жатқызуға болады. Көлік иелерінен келіп түсетін шағымдар көбіне осы мәселелерге қатысты. Сонымен қатар, жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық туғызады”,- деді Смайылов.

Смайылов цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы бұл мәселелерді осы уақытқа дейін бір жүйеге келтіруге болатынын айтты.

“Оның үстіне, жүктерді бөліп-таратудың аса маңызды инфрақұрылымдық буыны болып табылатын бонд қоймаларын дамыту қажет. Мұндай әлемдік тәжірибе біздегі өткізу пункттердің жүктемесін азайтып, тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беретін бланкілерді бөлуде де проблемалар бар. Мұндай рұқсаттарды біз көптеген мемлекеттермен паритет негізінде алып отырмыз”,- дейді Әлихан Смайылов үкімет отырысында.

Үкімет басшысы отандық жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизмін қайта қарап, оларға артық талап қоймау қажеттігін ескертті.

“Жол бойындағы сервис бойынша да сұрақтар бар. Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеміз. Бұл туралы бірнеше рет айтылды, тиісті тапсырмалар берілді, бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттардың бәрінде де осындай жағдай”,- деді ол.

Жиында премьер-министр сервис объектілері үшін жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдіктер созып жібергенін және инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұрғанын айтты.

“Оның үстіне, біз Ұлттық стандартты баяғыда қабылдап қойдық. Онда жол бойындағы сервис объектілері мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптар белгіленген. Бұл қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік берер еді", - дейді ол.

Алайда сервис объектілерінің көбі біздің стандартқа сәйкес келмейді. Осыған байланысты үкімет басшысы қаржы министрлігі шекара қызметімен, ауыл шаруашылығы, көлік министрліктерімен бірге жыл соңына дейін өткізу пункттерінің өткізу қабілетін ұлғайтудың нақты шараларын әзірлеуді тапсырды. Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, өткізу пункттерін толық цифрландырып, барлық ақпараттық жүйелерді интеграциялау қажеттігін айтты. Көлік министрлігі сауда, қаржы, ауыл шаруашылығы министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, көлік-логистика орталықтары мен бонд қоймаларын дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеуі керектігін мәлімдеді. Жергілікті атқарушы органдар сервис объектілерін салу үшін бизнес субъектілеріне жер учаскелерін беруге қатысты рәсімдерді соза бермей, 2 ай мерзімде жүргізулері тиіс деп ескертті.