Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Алтын өндіру саласында заңсыздықтар көп

AstanaTV
07.12.2023ж. 14:30
535
Алтын өндіру саласында заңсыздықтар көп

Алтын өндірушілер химиялық реагенттерді қолданып, экожүйені бұзды, заңдар мен ережелерді сақтамай келеді. Сенатор Дархан Қыдырәлі өзінің депутаттық сауалында алтын іздеушілердің табиғатқа қалай зиян келтіргенін және адамдардың өмір сүру жағдайын нашарлатып жатқаны туралы мәселе көтерді.

Депутат Түркістан облысының Абай ауылының 127 тұрғыны қол қойған ұжымдық хат проблеманы көтеруге себеп болғанын атап өтті. Азаматтардың өтінішінде 2019-2023 жылдар аралығында Көкбұлақ кентіндегі Қайыршақты өзенінде компаниялардың бірі алтын өндіру үшін геологиялық барлаумен айналысқаны жазылған. Олардың жұмысынан кейін өзен қазір экологиялық апат жағдайына ұшыраған.

Сенатордың ақпаратына қарағанда, дәл осы компания қазір Үлкен және кіші Көкбұлақ өзендерінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ниеттеніп отырған көрінеді. Аймақ тұрғындары осыдан кейін дабыл қағып, экологиялық апатқа қатысты жағдай қайталанады деп қауіптеніп отыр.

«Шығыс Қазақстан, Ақмола, Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында осындай жағдайлардың болғанын баспасөзден жақсы білеміз. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында алтын іздеушілер Құлынжон өзенінің арнасын өзгерткен. Лицензияларында көрсетілген шектеулерден асып кеткен немесе тіпті, арнайы рұқсаты, білікті маманы жоқ оңай олжа іздеушілер экологиялық талаптарды ескермейді. Қазба байлықтарын барлауда жаңа технологиялар қолданылмайды. Есесіне, заңсыз жер қойнауын өндірушілер жабайы жолмен тау-тасты талқандап, бульдозер, грейдерлермен өзендердің астаң-кестеңін шығарады. Халық су ішіп отырған өзендерге түрлі химиялық реагенттер қолданады» - деді сенатор.

Дархан Қыдырәлі Үкімет пен Бас прокуратура басшыларын Жолдауда көрсетілген геологиялық барлау жұмысын жүргізу жөніндегі тапсырманың сапалы орындалуына бақылауды күшейтуге шақырды.

Депутат спутник арқылы мониторинг жүргізу, минералды ресурстардың цифрлық картасын дайындау сияқты жаңа технологияларды пайдалануды, сала мамандарын сапалы даярлау мен жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне бақылауды күшейтуді және заңды бұзғандарды жазалауды сұрады.