$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Анамды бір рет құшақтасам": еуропалықтар асырап алған қазақ баласы қазақстандықтардан көмек сұрады

AstanaTV
08.12.2023ж. 13:39
963
"Анамды бір рет құшақтасам": еуропалықтар асырап алған қазақ баласы қазақстандықтардан көмек сұрады

2004 жылы бельгиялық әйел асырап алған Қазақстан тумасы ЭддиЖан биологиялық ата-анасын іздеуде. Ол Қазақстан халқынан көмек сұрайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сыртқы істер министрлігі жанындағы "Отандастар" қорының вице-президенті Олжас Беркінбаев Instagram-дағы парақшасында ЭддиЖанның видеоүндеуін жариялады.

"Мына видеода ағылшынша сөйлеп, сіздерден көмек сұрап отырған жігіттің есімі – Жәнібек, бірақ қазіргі құжатында ЭддиЖан деп жазылған. Ұлты – қазақ", - деп жазды Олжас Беркінбаев.

Оның сөзінше, ЭддиЖан 2002 жылы Қостанай облысындағы Арқалық қаласында дүниеге келген. 2004 жылы оны бельгиялық жалғызбасты әйел асырап алып, Еуропаға алып кеткен.

"Фламанд тілінде сөйлеп өскен ол, қазақша не орысша білмейді. Есесіне, ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейді. Қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады. Асырап алған отбасы оған еуропаша білім беріп, өсірген. Осы күндері Астанада, өзінің туған әке-шешесін іздеп келіпті", - деді ол.

Олжас Беркінбаевтың айтуынша, ЭддиЖан 20 желтоқсанда Испанияға ұшып кетеді, сондықтан ол қазір қазақ халқынан анасын табуға көмектесуін сұрап отыр.

"Кеше осы жігіт туралы пост жазып, артынан біздің заңнамаға сәйкес, баланың өзі айтуы керек деген соң оны алуға мәжбүр болғам. Бүгін өзінің рұқсатымен видеосын жариялап отырмын. Туған әке-шешемнен түк керек емес, тек анамның жүзін көріп, бір рет құшақтап, жүрегім тыныш тапса болды деген Жәнібек мына видеоны бүгін неше рет түсіргенін білсеңіз ғой... Әлі толқып жүрмін, ана туралы ойласам, эмоциямды басқара алмай қаламын дейді ол", - деп жазды Олжас Беркінбаев.

"Отандастар" қорының вице-президенті ЭддиЖанның ата-анасы туралы білетін қазақстандықтар болса қол ұшын созуға шақырды.