$519.57 €612.78 ₽6.61
×

Елімізде банктер бірігуі мүмкін

AstanaTV
10.12.2016ж. 20:00
2294
Елімізде банктер бірігуі мүмкін

Еліміздің кейбір банктері бірігуі мүмкін. Алматыда Ұлттық банк төрағасы жылды қорытындылап, баспасөз мәслихат өткізген, сонда айтты. Банк қызметі акционерлердің қомақты қаржы құюын талап етеді, яғни капитал тапшы банктер ақшасын көбейтуі керек немесе бірін-бірі сатып алулары тиіс, - деді бас банкир.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы: 

Ұлттық банк өткізетін стресс-тестке, оның нәтижелеріне қарамай, акционерлер өздерінің банктерінің капиталын әжептәуір ұлғайтулары керек. Соған сәйкес әрекеттер жасауы қажет. Сондықтан мен банк нарығында бірігулер туралы тезистерді жоққа шығармаймын.

Елімізде кейбір банктердің бірігуі туралы әңгіме Ұлттық банк келесі жылға жоспарлаған стресс-тестке байланысты күшейген. «Тенгриньюс» порталына берген сұхбатында қаржыгер Алмас Шоқин банк саласындағы жағдайдың мәз еместігімен келіседі. Негізі, жалпы экономикада жағдай мәз емес. Оның ішінде несие төле алмай жүрген қазақстандықтардың артуы бар. Тұрғындардың 70 пайызы банктерден қарыз алған. Ал банктерде депозиті бар тұрғындар 20-ақ пайыз.
-Қазір банктердің көбісінде жағдай күрделі, 2-3-де сын көтермейтіндей. Олар акцияларын сатып, капиталдарын ұлғайтпақшы. Алайда олар проблемаларын баяғыдан біледі. Жайбарақат отырмау да баяғыда айтылған. Бірақ сәтті қадам жасай алмағандар бар, - деген сарапшы.    
 Ал экономист Мағбат Спанов, банктердің 2007 жылғы дағдарыстан кейін сол күйі тәлтіректеп қалғанына тоқталған. Қызығы, банктердің экономиканың нақты салаларын қаржыландыруға экономикалық ахуал мұрсат бермейді,- деген. Сондықтан олар ресурстарын қаржы-спекулятивтік операцияларға бағыттайды.

«Банктерге экономиканы несиелеу тиімсіз. Көптеген жанама себептер бойынша банктер нақты қаржы саясатын жүргізе алмайды. Депозиттер ағыны өте төмен. Ал экономиканы өсіретін ішкі қайнар көздер болмаса, жағдай расымен мүшкіл»М.Спановтың комментарийінен.

  Сонымен стресс-тестерден өтетін банктердің шынайы ахуалы келесі жылы айқындалады. Олардың басты проблемасы жұмыс істемейтін кредиттер. Күзде Bloomberg агенттігі 7 жыл бұрын банктердің 20 млрд доллар қарыздарын қайта құрылымдаған Қазақстанда сол, екінші деңгейдегі банктер орталық банктің ұсынған стресс-тестерінен өте алмаулары мүмкін екенін, капитал құйылмаса, дефолтқа ұшырау қаупі бар екенін болжаған. Стресс-тесттер банктердің дағдарыстан өтіп, өте алмайтынын тексеретін сынақтар. Ондай кезде проблемалық несиелер, кепілге қойылған өтімсіз активтер, капитал тапшылығы анықталады. Bloombergтің қарауына біздің еліміздің қаржыгерлер қауымдастығының үкіметке жазған хатының черновигі түскен көрінеді. Яғни 42 отандық және шетелдік банктер, брокерлік компаниялар, салымдарға кепілдік беретін мемлекеттік қор кіретін қаржыгерлер қауымдастығы өздері дабыл қаққан. Сілтеме жасап отырған агенттіктің материалын басқан Финанз.ру порталы. Сонда S&P Global Ratings-ң бағалауын келтірген - еліміздегі әрбір үшінші кредит жұмыс істемейді немесе қайта құрылымдалған. 

«Қазақстанда әлгіндей тесттер күткендегіден де жаман несиелерді ашып береді», - деген   Landesbank Berlin Investment директоры Лутц Ремейер.

 Аннетт Эсс есімді S&P аналитигі еліміздегі ірі банктің рейтінгін мысалға келтірген – ССС+. Бұл инвестициялық деңгейден 7 сатыға төмен. Сарапшы маңызы жоғары банктер мемлекеттен тағы да қаржы алатынына тоқталған. «Қазақстан үкіметі банк жүйесінің тұрақты болуына мүдделі, сондықтан ірі және орта банктерге қолдау көрсетеді, ұсақ банктердің жойылуына жол берсе де»,- деген. Демек банктерге тағы да мемлекет есебінен көмектесу, мемлекет қаржысынан жырып беру «ойда» тұр...