Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Бақыт деген ұядай баспана»... Жетім баланың арманы

AstanaTV
10.12.2016ж. 20:00
2604
«Бақыт деген ұядай баспана»... Жетім баланың арманы

30 жастағы Дмитрий Ушаков тас жетім. Балалар үйінде тәрбиеленген. Не тұратын жері жоқ, не жұмысы жоқ, не мамандығы жоқ. Ол ...өзін өзі өлтіруге бекініп, асылуға әрекет те жасайды. Көріп қалған Арғын Қанғожин құтқарып қалған. Петропавлда болған оқиға. -Адам қатарында жоқ сияқтымын, - деген кейін. Әр жерде түнеуден, қаңғып жүруден шаршаған. Ол мемлекеттен пәтер алатындардың тізімінде де жоқ. Шекесі шылқып жүрген жан көп емес. Ал әбден қажығандардың бірі жүріп кетеді, бірі ауру табады, енді бірі... Дмитрий «ұядай бөлмем болса шіркін, бақыт деген сол ғой» депті. Өткен бағдарламада Өзбекстан президенті болып сайланған Мирзеевтің жұбайының туысқан сіңлісінің «ақша тек комфорт ғана, саған бақыт сыйламайды. Бақыт – өз ішіңде» дегенін айтқанбыз. Бір планета – бірақ параллель әлемдер... Дмитрийдің историясы тілші материалында.

Құйттайынан жетімдіктің қамытын киген балалардың ана сүтінен қағылғаны, әкесінің панасында өсе алмағаны, құрбыларымен емін-еркін ойнап-күле алмағаны бір бөлек, нағыз проблема олардың болашағында болып тұр. Балалар үйін тәмәмдап, қанат қаққан жасөпірімдер көп жағдайда қолдау болмаған соң ұзаққа ұша алмайды. Солардың бірі – интернатты  2004 жылы аяқтаған Дмитрий Ушаков. Оның да қанаты талды. 12 жыл бойы тырбанып, тіпті кейде далада түнеп, адамша өмірді тек аңсаумен келе жатқан ол жуырда өмірмен қоштасуға бел буды. Бірақ, жазмыштан озмыш жоқ. Куәгерлер жігітті ажал аузынан алып шықты.

Дмитрий Ушаков, Петропавл қаласының тұрғыны:

Балалар үйін бітіргелі бері дені дұрыс жұмыс таба алмай келемін. Қазір жүк тиеуші болып еңбек етіп жүрмін. Бірақ, тұратын жерім жоқ. Қазір досымның пәтерін паналап жатырмын. Қаншама жылдан бері жоқтықпен күресіп келемін. Әбден шаршадым бұдан.

Дмитрийді тозақтан құтқарып алған мына кісі. Жігіттің күмәнді әрекетін дер кезінде байқап қалған Арғын Қанғожин сол маңайдағы дәмханада шай ішіп отырыпты. Енді бір минутқа көзден таса қылғанда, бұл оқиғаның арты қайғылы аяқталар еді, деп еске алады құтқарушы азамат.

Арғын Қанғожин, мектеп мұғалімі:

Әйнектен бір жас жігіттің темір бағанның қасында жүргенін байқадым. Енді бір қарасам, жіпке асылып тұр. Тез арада барып шешіп алдым. Қазір өмірмен қоштасуынан айныған сияқты. Көмек бере алатын қайырымды жандарды іздеп жатырмыз.

Бүгінде Арғын Дмитрийдің мәселесін шешуге кіріскен. Қарапайым мектеп мұғалімі құзырлы органдарға жолығып, оның проблемаларын қалай тарқатуға болатынын анықтап бастады. Жергілікті билік өкілдері әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырған оқиғадан хабардар. Олар да тағдыр тауқыметін тартқан азаматқа қол ұшын созудан қашпайды. Алайда, Дмитрийден басқа қаншама әке-шешесіз қалған қыз-ұлдар далада жүр. Олардың көбі тұрақты жұмыс орнын таба алмай әуре. Ең жаманы - елімізде балалар үйі түлектерінің интернаттардан кейінгі өмірін жіті бақылап, жұмыспен қамтитын бағдарлама жоқ. Барлық топтар «жұмыспен қамтудын жол картасы 2020» жобасында тоғыстырылған. Бағдарлама іске қосылғаннан бері солтүстікқазақстандық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының арқылы екі жүзден астам азамат екі қолға бір күрек тапты. Бірақ, бұл аталған органға жүгінгендердің саны. Ал мемлекеттің қолдауынан бейхабар азаматтар қаншама.

Алексей Рудаков, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020 бағдарламасына биыл 28 бала қатысты. Оның бесеуі тұрақты жұмысқа, екеуі әлеуметтік жұмысқа орналастырылды. Бір адам жастар тәжірибесіне жіберілді. Ал 19 жасөспірімге жатақханадан пәтер берілді. Бізге жолыққан кісілердің барлығына біз жұмыс тауып, көмек бердік. Бұдан бөлек, әрдайым түрлі мекемелерде және қала көшелерінде ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Бәрі білсін деп.

Соңғы уақытта биліктің жетімдерді кәсіби біліммен қамтамасыз етуді қолға алғаны рас. Бүгінде елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 75 мың жеткіншек бар. Мектепті тәмәмдаған оқушылар жоғары немесе орта арнаулы білімді тегін алуы мүмкін. Бұдан бөлек, студенттер қосымша шәкіртақы алады.

Ғалия Ілиясова, СҚО білім басқармасының бөлiм басшысы:

2015-2016 жылдары балалар үйін 95 бала бітірді. 9-сыныпты аяқтаған 15 бала 10-сыныпқа қалды. 50 бала колледждерге түсті. Ал он бірінші сыныпты тәмамдаған оқушылардың сегізі жергілікті университетке тегін оқуға түсті. Қалғандары орта арнаулы білім алмақ.

Абзал Құрманкин, тілші:

Жетім балалардың бас ауруына айналған басты проблема баспана мәселесі, әрине. Заң бойынша әлеуметтің әлжуаз тобына деп соғылатын тұрғын үйлердегі пәтерлердің 20 пайызы жетім балаларға тиесілі. Білім басқармасы жариялаған ресми ақпаратқа сүйенсек, қазір теріскейде осы бағыт бойынша екі жарым мыңға жуық адам кезекте тұр. Оларға былтыр 27 пәтер бөлінді. Демек, жыл сайын осыншама пәтер бұйырып тұрса, онда ұзын-сонар кезектің тек 90 жылдан кейін жойылатын түрі бар.

Ал Шымкентте жағдай бұдан тәуір сияқты. Соңғы үш жылда әлеуметтің әлсіз топтарына деп, 600-ден астам пәтер қолданысқа берілген.

Қайрат Құрманбаев, Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы:

Бүгінгі таңда жетім балалардың санаты бойынша 1362 азамат тіркелген болатын. Негізі өкіметке байланысты. Егер, көп ақша бөлініп, құрылысы аяқталып болса онда  жақын арада бұл санат бойынша тіркелген азаматтардың бәрінің тұрғын үймен қамтылу мүмкіндігі бар.

Алайда Дмитрий Ушаков сияқты әбден шаршаған жандарға үміт сыйлайтын Арғын Қанғожин сияқты адам кездесе бере ме? 

Дмитрий Ушаков, Петропавл қаласының тұрғыны:
Работать и еще раз работать. Я еще хочу дополнительно подработки взять. У меня сил хватит как бы на это все. Дали бы вагон и наличку, я бы и в ночь пошел работать. Это вообще не вопрос как бы...

А.Құрманкин, А.Төребекқызы «Біздің уақыт».