Президент «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» жарлыққа қол қойды.
Онда былай делінген:
- Қоса беріліп отырған Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары бекітілсін.
- Қазақстан Республикасы Үкіметі:
1) Іс-қимыл жоспарын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдасын;
2) жартыжылдық негізде 15 шілдеге және 5 қаңтарға дейін Президент Әкімшілігіне іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
- Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енеді.
Іс-қимыл жоспарымен мына сілтемеде танысуға болады.
Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев X (бұрынғы Twitter) парақшасында жазба жариялады.
– Дүниежүзілік адам құқықтары күніне орай «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» жарлыққа қол қойдым. Жоспарда гендерлік теңдікті күшейтуге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі саласында азаматтарды қорғауға, азаптау мен қатыгездіктің алдын алуға бағытталған бірқатар шара қамтылған. Бірлесу бостандығы құқығы мен еңбек құқығын, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жолдары қарастырылған. Құжат адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтады. Жоспарды жүзеге асыру шеңберінде тиісті заңдар қабылданады – деп жазды Президент.