$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Қайтпайтын қазақ! Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл!

AstanaTV
10.12.2016ж. 20:00
4147
Қайтпайтын қазақ! Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл!

Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл. Біз сұхбатты Расылхан Құдайбергеновтен алдық.

22 жасында көтеріліске белсене қатысқан. Сотталған. Читада отырғанында сөз байласқан қызы іздеп барып жүрген... Розаға сол жерде үйленеді. Қазір кәсіпкер. Үш баланың әкесі, 3 немересі бар. Оның көрмеген азабы жоқ, сынбаған, оның көрген қиянаты көп, қирамаған. Ол зорлыққа, кемсітуге көнбейтін, көнбіс болмағаны үшін сүйектен өтер таяқ жесе де, қайтпайтын, керісінше, нағыз адамша өмір сүруге талпынатын және әрекет ететін қазақ. Қазақтың азаматы.

Расылхан Құдайбергенов, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы: 

Өңшең жас жігіттерміз. Бөліп-бөліп алдық вуздарды. Стройтехникуымға жүгіріп бардық. Сосын «Нархозға». Түнде солардан қайтып келсек өзіміздің біз де кинотехникум ғой, соның кино ілетін қағаздары бар. Соның артына жазып дайындалып жатыр екен. Таңертең 17-і күні шықтық. Миллиционер қоршап алған кіргізбейді. Сұрақтар қойылды. Сонымен халық біреуі сөйлесе, қалғандары отырады. Сұрақтар қойылды. Қонаев келсін деп айтып еді. Оны  жоқ қылды. Солдаттар келді, су шашты немен ол кезде көтеріліс басталды...Сөйіп жатқан кезде саперлар екінші жағынан лопаталарымен,  үлкен қырылыс басталып кетті. Сол 17-күні түнде қашып біразы бір үйлердің подъезіне кіріп, ішінен құлыптап алды. Біз де сол кірейік деп едік, қуып жетіп алды. Сабалады, ол күні қайттан қайтып, жатақханаға бардым. Түнгі 2 де. Ертесіне 18 күні тағы шықтық. 17 күні жаңағыдай болғанын біліп біздің  директор техникумның астыңғы подвалға кіргізіп қамап тастады. Терезесінен көше көрінеді. Лениннің бойынан  бір қазақтар өлең айтып өтті. Қыздар екен. Соған шыдамай мен есікті бұзып, шығып кеттім. Содан организатор болып шыға келдім... Кейін алаңға әскер кірді. Үшбұрышты қойған әскерді, беттері көрінбейді. Кірген момент лопатамен  ұра бастады. Мен қашып, сол бұрышта «Океан» деген магазин болатын, бұрышына барып тірелдік. Астында қалып кеттім, бірінің үстінде бірі. Мусордың астына басымды кіргізіп алдым. Ұрып, сабап-сабап, астынан бізді ұстап алды. Есімді жинасам екі аяғымнан сүйреп кетіп бара жатыр екен.  Содан кейін ойладым, ұстап алып кетіп бара жатыр екен ғой деп...

24-не қамалдым. Содан 5 жылға бас бостандығымыздан айырды... Көп ұзамай колония поселениеге шығарды. Күндіз жұмыс істейсің кешкісін сыртта жүре аласың. Вьянкин хозяйн қасына алып, қолымдағыны шешіп, сыртқа шығып, керіліп тұрып «декабристсің бе деді. «Иә» дедім. Сендер қазақтар молодцы деді. «Я тебя поддержу» деді. Ертесіне жұмысқа – ағаш кесетін жерге жұмысқа жіберді. Сосын сұрадым бір звонок жасауға бола ма дедім. Розаға телефон соқтым... Сол Читада үйлендік ғой...  

Бізді Алматыға кіргізбейтін қылып тастады. Әркім туған жеріне кетсін деп. Жұмысқа келгеннен кейін отырып шыққан адамды жұмыс ала қоймайды. Сварщик, электрик болып жұмыс істедім. Кейін одақ құлады. Тәуелсіздік алдық. Қиыншылықтардың бәрі айтылып отырған, ұмытыла бастады. Мұхтар ағамыз айтады ғой, мынау СНГ -  бәрі бізге қарыздар, деп... Адам неге алаңға шығады? Мысалы, біз ауылдардан келген, орысша білмейміз. Қазақша  сөйлесек, айқайлап тастайды. Өз жеріңде жүріп ондай болмағаннан кейін ашумен шықтық...  

Тәуелсіздік оңайдан -оңай келген жоқ. Әрқашан қолдау керек. Бағалау керек...

-Аға, рақмет әңгімеңізге.

-Мен өзім әңгімеге шорқақпын.

-Жоқ, ең бастысы - ойыңызды жеткіздіңіз.

Желтоқсан көтерілісінен кейін газеттер мен журналдарда «санасыз ұлтшылдар», «бұзақылар» туралы мақала қаптағаны белгілі. Соларды қайта парақтағандар әлеуметтік желілерге қайта салып жатыр. Мысалы, «Комсомольская правда» газетінде 1987 жылы шілденің 15-де шыққан А. Петровский дегеннің «Ащы сабақ» деген материалында ... оқу ордасында тәрбие жұмыстарының тәсілдері мен формасына терең «инвентаризация» жүргізілді, ескерту жасалды. Жалпы, идеялық-саяси және интернационалдық тәрбиені уақытша шараға айналдырмау маңызды,- деп нотация оқыпты...