Керекуде бетон қоршау құлап,
қолы сынған баланың әжесі жауаптыларды жазаға тартпақ. Ол полицияға да шағым түсірген.
Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінде бұл жағдайға
қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Оқыс оқиға қаладағы
№53-ші балабақшаның жанында болған. Баланың қолына құлаған қоршау аталған
мекемеге тиесілі. Әжесінің айтуынша, 9 жасар Кирилл түстен кейін аулаға ойнауға
шыққан. Доп қуып жүріп, бетон дуалға соғылған. Сол кезде бетон қоршаудың бір
бөлігі опырылып кетіп, баланың қолы қысылып қалған. Жарақаттанған бала шұғыл
ауруханаға жеткізіліпті. Дәрігерлер оның жағдайы тәуір екендігін айтады.
Валентина Солопека, Кириллдің
әжесі:
Плита құлаған кезде осы жерде
балалар болған. Екі жасөспірім бірден ауыр плитаны көтеріп, немереме көмек
көрсете бастапты. Жарасын тазалап, жедел жәрдемді шақыртқан. Сосын бізге хабарлады.
Талғат Қасымбеков, Павлодар
облыстық балалар ауруханасының травматолог-дәрігері:
Екі қолының қысылып қалуына
байланысты екі саусағының сүйектері сынған. Орнынан тайған және де қатты
қысылудан болған. Өміріне еш қауіп жоқ. Қазір емін толық көлемде алып жатыр.
Болашақта қолының барлық функциясы толық қалпына келеді.
Балабақша басшысының айтуынша,
сыртқы бетон қоршауды 2011 жылы жергілікті компания тұрғызған. "Оның
сапасы шынымен де сын көтермейді", - дейді.
Елена Бенер, Павлодар
қаласындағы №53 балабақша меңгерушісі:
Қоршаудың сапасы өте нашар. Бұл
балалар ғой, жеткіншектер дуалға шығады, секіріп жатады. Жоғарғы жағындағы
сапасыз бөлігін ұстаған кезде, бетонның опырылып жататынын талай көрдік. Бұл
оқиғаға жауаптымын, өйткені қоршау мен басшылық ететін мекеменікі.