Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шымкентте бір топ мұғалім кәсіподақ ұйымына аударған ақшасын даулап жүр

AstanaTV
09.12.2016ж. 20:00
3349
Шымкентте бір топ мұғалім кәсіподақ ұйымына аударған ақшасын даулап жүр

Шымкентте жүздеген мұғалім кәсіподақ ұйымына аударып келген миллиондаған қаржысын іздеп сарсаңға түсіп жүр. БАҚ өкілдерін жиып, баспасөз мәслихатын өткізген ұстаздардың сенімді өкілінің айтуынша, бас аяғы 27 млн теңгеден астам қаржы қолды болған. Ұстаздар қауымы бір кездері өздері келісімшартқа отырған тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасын бүгінде таба алмай жүр. Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары басталған.

Біз тек беріп жатырмыз. Бізге қайтармайды. Бізде біреу өліп жатса, біз көмектесе алмаймыз. Біреу юбилей болса, құттықтай алмаймыз, сонымен мектептер қиналып қалды.

Бұл БАҚ өкілдерімен кездесуге келген мектеп мұғалімдері. Олар өз әріптестерінің жанайқайын жеткізді. Айтуларынша, 2007-ші жылдан бері өздері таңдаған тәуелсіз кәсіподақ ұйымына ай сайын жалақыларының 1 пайызын мүшелік жарна ретінде аударып келген. Бірақ шығыс бар да, кіріс жоқ,- дейді педагогтар.

Гүлмира Багиярова, мұғалім:

Есеп-қисап бөлімі айлығымыздың 1 пайызын аударады кәсіподақ ұйымына. Осы жылдың басында жаңа жылдық  мерекені атап өтуге ақша ала алмадық. Анықтай келгенде, өз ақшамызға қол жеткізе алмай жүрген тек біз емес екеніне көзіміз жетті. 

Мұғалімдер кәсіподағы комитетінің төрағасы қаладағы елуге тарта білім саласы қызметкерлерінің атынан келіп отырғанын айтты.  Валерий Юсуповтың сөзінше, тәуелсіз кәсіподақ ұйымына соңғы 1 жыл 3 айда, 27 млн 677 мың теңге аударылыпты. Бірақ 2015 жылдан бері не материалдық көмек, не демалыс орындарына жолдама берілмеген.

Валерий Юсупов, мұғалімдердің құқығын қорғау кәсіподақ комитетінің төрағасы:

Ол біздің ақша ғой, қайтарып берсін бізге, бірақ енді, әрине, бұлар сот арқылы. Сүлейменов айтты бізге «мені кесіңіздер, қолымды кесіңіздер, басымды шабыңыздар, мен ақшаны қайтара алмаймын, менде ақша жоқ» дейді. Ол әңгіме емес қой. Енді заңды түрде сот арқылы қайтаруға жүгіріп жатырмыз.

Оқытушылар тәуелсіз кәсіподақ төрағасын соңғы уақытта таба алмай жүргендерін айтады. Онымен байланысу бізге де мүмкін болмады. Белгісі, қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД  ресми өкілі:

Күдікті ретінде өтіп жатқан 1958 жылы туылған Шымкент қаласының тұрғыны, осы жәйтке байланысты тергеушілермен бір-екі сараптамалар тағайындалған. Аудиторлық тексеру жүргізілген және экономикалық сараптама тағайындалған. Сол тексеру мен сараптамалардың қорытындысы бойынша 27 млн теңгені жұмсап қойған осы азамат. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Ішкі істер департаменті өкілдерінің ақпарынша 27 млн теңге - бір жылдан астам уақытта аударылған қаражат. Ал 2007-2014 жылдар аралығында аударылған ақшаға қатысты бірде-бір құжат табылмаған. Сондықтан нақты қанша қаржының жымқырылғанын құқық қорғау органдары да білмейді. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полицейлер іс жақында сотқа жолданады деп сендірді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ