Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Отбасында зорлық көрген әйелдер саны азаяр емес

AstanaTV
09.12.2016ж. 20:00
4352
Отбасында зорлық көрген әйелдер саны азаяр емес

Әйел затына жұдырық ала жүгіретін ерлер әлі де азаймай тұр. Мәселен, тек Ақтөбе облысының өзінде жылына 4000-дай әйел құқық қорғау органдарына шағымданады екен. Отбасылық жанжалдың қайғылы оқиғамен аяқталатын кезі аз емес. Күллі Ақтөбе жұртын елең еткізген атышулы сот ісі - бұл сөзімізге дәлел.

Сот алдында көз жасына ерік берген бұл әйел 8 айдан бір қамауда отыр. 30 жастағы Әйгерім Қауқанова күйеуімен төрт жыл отасқан, араларында перзент бар. Туыстарының айтуынша, жолдасы оны үнемі ұрып соғатын болған. Сондай  бір жанжал кезінде оқтаумен сабап, артынша пышақ сілтепті. Дегенмен, келіншек қорғанып үлгереді.

Ахметқали Молдағалиев, мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы:

Қауқанова өз өміріне қауіп төнгендіктен, күйеуінің пышақ ұстаған қолын ұстап қалып, оны кері қарай итеріп жіберген. Сол сәтте кеудесіне пышақ кірген ері, ауыр жарақат салдарынан көп қан кетіп, сол жерде жан тапсырған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында елімізде жүйелі жұмыстар жасалып-ақ жатыр. Шымкенттік құқық қорғаушылар мен әйелдерді қорғау орталығының мамандары халық арасында түсіндіру шараларын өткізді. Арнайы топ ерінің езгісіне шыдамаған әйелдерге құқықтық қолдау көрсетеді.

Гүлчехра Моминова, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы:

Жәбір көріп жатқан біздің шешелеріміз, өзіміздің әпшелеріміз, сіңлілеріміз. Осындай зорлық-зомбылыққа душар болған кезде, қайда звондап, қайдан көмек алуға болатынын айтып өтеміз.

"Зорлық-зомбылықсыз 16 күн" деп аталған дәл осындай шара Ақтөбеде де өтті. Отбасын сақтап қалу үшін бәріне көнетін әйелдер психологтар мен медиаторлармен еркін әңгімелесуге мүмкіндік алды. Ал, баратын жері жоқ келіншектер «Аналар үйіне» жіберіледі.

20 жастағы Шынар - сондай қамкөңіл жандардың бірі. Ата-анасының қарсылығына қарамай, ерте тұрмыс құрған ол, оңбай опық жегенін айтады.

Шынар, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Ол әр жерде тиіп-қашып жұмыс істеді. Қаржы жетпеді. Ешкім көмектеспеді. Кейін арақ ішіп, есірткі қабылдайтынды шығарды. Күнде достарын үйге алып келіп, мені солардың көзінше ұратын болды.

Ал, Әйгерім Қауқановаға сот үкімі оқылғанда, туыстары демін ішіне тартып, оң шешім шығар деп күткен. Ол үміттері ақталды. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Әйгерімнің әрекетін сот қорғану деп бағалады. Оның кінәсі дәлелденбегендіктен, сот залынан бірден босатылды. Отбасындағы жанжалдан кейін өмірі күрт өзгерген әйел, қазақтың қыз-келіншектері ешқандай зорлық-зомбылыққа тап келмесе, деп тілейді.

Жақсыбек КЕМАЛ