Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Президент: Табысын елімен бөліскен азаматтар жоғары құрметке лайық

AstanaTV
12.12.2023ж. 12:18
555
Президент: Табысын елімен бөліскен азаматтар жоғары құрметке лайық

«Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. Бұл туралы «Алтын Сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Ескі сүрлеуге түсіп кетпей, прогресс жолынан ауытқымауымыз қажет. Бізге ұзақ мерзімді мақсаттарымызды айқындап алу керек. Ертең кім болатынымыз, мың құбылған әлемде қандай орын алатынымыз әсте естен шықпауға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біз тек алға ұмтылуымыз керек. Біз жасампаз әрі жаңашыл болуға тиіспіз. Еліміздің алға қойған нақты межесі бар. Мызғымас бірлік пен қажырлы еңбектің арқасында өз мақсатымызға жетеміз. Біз үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуымыз керек. Тұтынатын емес, өндіретін мемлекет болуымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы», - деді Президент.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керектігін баса айтты.

«Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ. «Парыз» байқауына қатысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Табысын елімен бөліскен осындай азаматтар жоғары құрметке лайық», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» байқауына қатысқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.