Қазақстан 2020 жылға қарай ішкі
нарықтағы импорттық мектеп киімінің тең жартысын отандық өніммен алмастыруды
жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі
алаңында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары мәлімдеді.
Кәсіпкерлер палатасы экономиканың 10 саласындағы сұранысы жоғары 150 импорттық
тауарды анықтап, оларды қазақстандық өніммен алмастыру бойынша кешенді жұмыс
бастаған. Соның бірі - мектеп формасын тігу ісі. Қазір біздегі арнайы киімнің
жеті-ақ пайызы өзімізде тігілсе, 93 пайызы сырттан әкелінеді. Яғни 35 миллиард
теңгеге жуық қаражат сыртқа кетеді деген сөз.
Евгений Больгерт, «Атамекен» ҰКП
басқарушы директоры:
Елімізде шамамен 2,5 млн оқушы
бар. Сапалы мектеп формасының орташа құны 15-20 мың теңге. Сонда біз шамамен 35
млрд теңгені құрайтын нарыққа шыққалы отырмыз. Салыстыру үшін, мемлекеттің
әскери киім үшін тапсырысының құны 17-17,5 млрд теңге. Кешенді жұмысты
осындай қадамдардан бастасақ, 2020 жылға қарай мектеп формасының 50-60 пайызын
өзіміз тіге аламыз.
Алайда, бұл бастаманың жеңіл
өнеркәсіптің дамуына қосып отырған үлесі мардымсыз. Себебі мектеп формасы
өзімізде тігілгенмен, оған қолданылатын мата тағы да импорт.