Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қоқыс жинау. Бірінші кезекте мидағы «қоқысты» тазарту...

AstanaTV
16.12.2017ж. 20:00
9068
Қоқыс жинау. Бірінші кезекте мидағы «қоқысты» тазарту...

Қоқыс полигондары. Концептуалды алып қарағанда, тұрмыстық та, өндірістік те қоқысты жинай алмай отырмыз. Жинағанда, айдалаға апарып төгуді айтып тұрғанымыз жоқ, әңгіме қоқысты сұрыптап, өңдеу керектігі жайлы. Солай істелуі керектігін түсінеміз - қоқыс өңдейтін зауыттар ашылып та жатады, алайда өзгеріс байқалмайды. Ибрайхан Мұсабаев есімді осы саланы меңгерген маман айтады –қоқысты жай қалдық деп емес, екінші материалдық ресурс деп есептеу керек, сондай түсінік болуы керек. Екіншіден, оны қайда жібереміз? Мемлекет сол рынокты құруы тиіс. Мысалы, астық экспорты біршама жақсы ұйымдастырылған ғой, сол сияқты сортталған қоқыс-қалдықты экспорттайтын каналдар орнату қажет. Себебі өзіміз бәрін өңдей алмаймыз. Мәселенің бір ұшы санаға барып тіреледі. Қоқыстарды сорттап салуға контейнер қойылса да, солай істемейміз. Мидың «қоқысқа» толуы туралы фәлсафалық әңгіменің шеті шығады... Айыппұлдан ғана қорқамыз, мүмкін айыппұлды өкіртіп салу керек шығар? Абзал Құрманкиннің материалы.

Абзал Құрманкин, тілші:

Көзі ашық елдер қоқыс мәселесін баяғыда қолға алып, мұнтаздай таза экологияға қадам басса, Қазақстанда бұл сала әлі де дағдарып отыр. Бүгінде елімізде өндірістік қалдықтармен қоса есептегенде, 48 миллиард тоннаға жуық қоқыс бар. Ал тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі 100 миллион тоннаға тең.

Жыл сайын елімізде 5 миллион тоннаға жуық зат тұрмыста пайдаланылып, артынша полигондарға жіберіледі. Кей мамандардың пікірінше, 2050 жылға қарай қалдықтардың саны шамамен 1,5 есе артпақ.

Тау-тау болып үйілген қалдықтардың экологияға кері әсер ететіні белгілі. Дәлірек айтқанда, бүлінген заттар топырақтың құнарлығын кемітіп, улы газдар арқылы ауаны ластайды. Бірақ оның тіршілік көзімен араласатынын да ешкім ойламаса керек.

Ахан Өмірбек, экологиялық технологиялар бойынша құзырет орталығының директоры:

Жаңбыр және қар түскеннен кейін ол қоқыстың денесінен өтіп, жерге келгенше сарқынды сулар ретінде болып келеді. ол жерасты суымен араласып кетеді. Сол суды біз ішеміз.

Бүгінде Қазақстанда 4 мыңнан астам қоқыс полигоны бар. Оның тек 14 пайызы ғана заңдастырылған. Қалғаны айдалада шашылып жатыр. Қазір кейбір жерлерде билік  полигондарды оңтайландыруға кірісті. Яғни, шағын үйінділерді бір-біріне қосып, ірі қоқыс алаңын жасауды қолға алынған.

Азамат Бектасов, СҚО Экология департаменті басшысының орынбасары:

2017 жылдың бірінші қаңтарына қарағанда, біздің өңірде 492 қоқыс үйінділері болған. Қазіргі уақытта олардың саны 472-ге азайтылған. Оның ішінде 14-де барлық рұқсаттар бар. Қазіргі уақытта бізде Есіл, Ақжар, Қызылжар ауданында қоқысты рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір Мамлют ауданында инвесторлар табылып жатыр. Бірақ жергілікті атқарушы органдармен осы жұмыс өнбей жатыр. Қаржы дұрыс бөлінбейді, инвесторлар табылмайды. Сондықтан осындай экологиялық мәселелер туындап жатыр.

Полигондарды тез-тез заңдастыруға қолбайлау - қаражаттың аздығы. Бір үйіндіні заңды түрде қоршап, барлық рұқсат қағаздарын алуға ең аз дегенде 3-4 миллион теңге қажет.

Ал теріскейдегі Бескөл ауылында бір полигонның құны бұдан 100 есе қымбатқа түсе жаздады. Қоқыс алаңының жобалық-сметалық құжаттамасымен айналысқан компания, кескінге қажет нысандардың барлығын кіргізіп, жобаны 392 миллион теңгеге бағалапты. Бүгінде мұндай қомақты қаражатқа 70 пәтерлі баспана немесе 200 орынға шақталған балабақша салуға болады.

Ербол Бәгенов, СҚО Қызылжар ауданы Бескөл ауылдық округінің әкімі: 

Администравные зданиясы, өлшейтін жерлер болады. Содан кейін техникалар тұратын ангарлар, дизинфекция жасайтындар болады. Барлығы болады. Предварительно есептеуіміз бойынша 100 миллион теңге керек құрылыс жұмыстарына. Бұл ақша қалалық, облыстық бюджеттен бөлінеді.

Тек Солтүстік Қазақстан облысының полигондарын заңдастыру үшін бақандай 1,5 миллиард теңге қажет. Қоқыс алаңының құжатына ғана қыруар қаражатты жұмсау жұмсартып айтқанда, біртүрлі. Сондықтан бұл проблемаға қазір прокурорлар кірісті. Олар энергетика министрлігінен құжатты рәсімдеу құнын  төмендетуді сұрап отыр. Ал Ұлттық энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын құны 60 миллиард теңгенің шикізаты қоқыс полигондарында көміледі. Қалдықтың тек 7 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі.

Қайыржан Айсин, қоқыс сұрыптау кәсіпорнының басшысы:

Мен 2016 жылы қоқысты сұрыптау кешенін аштым. Бір айда 100 тоннадай шыны, 20 тонна картон, 10 тонна қағаз және пластиктің 15 тоннасы шығады. Шикізаттың басым бөлігі Қазақстан зауыттарына жіберіледі. Ал пластикті Ресейге экспорттаймын.

Қазір елімізде шикізатты қайта өңдеу бойынша Атырау өңірі көш бастап тұр. Ал ең соңында  Қостанай, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары. Айта кетерлігі, басындағының өзінде бар-жоғы 12 жарым пайыз.

Қазір Алматыда қоқысты сұрыптайтын ірі зауыт бой көтеріп жатыр. Өндіріс ошағы күнде қатты тұрмыстық қалдықтардың 1,5 мың тоннасын қабылдамақ. Болашақта кәсіпорын қоқысты қайта өңдеуді де жоспарлап отыр.

Нұрлан Шубаев,  Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

3,4 гектар жерді құрайтын тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын зауыт салынып жатыр. Оның ерекшелігі ол 500 адамға жұмыс орнын береді. Полигонға апарылатын қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі азаяды.

Ибрайхан Мұсабаев, «Ибрайхан и К» көпсалалы мекеменің басшысы:

Бірақ қазір біз осы кезде бәсекелестікке шыдамаймыз Қытаймен, Ресеймен. Мысалы, қазір Ресейде полимер қалдықтарына сұраныс өте көп болып тұр.  Өйткені сол біз Ресейге жіберіп жатырмыз. Сондықтан Қазақстанда сол қалдықтарды өндейтің зауыттарды сала бергенше – бәрібір жұмыс істемейді ертең, миллиардтаған ақша кетеді. Оның орнына қалдық мынау қалдық деп есептелмеу керек, ол екінші материалдық ресурс деп есептелуі керек, сондай түсінік болуы керек. Сол кезде ғана ол жұмыс істей бастайды. Соны қайда жіберу керек? Мемлекеттің жұмысы - сол рынокты құру.  

Жалпы қоқысты сұрыптау кешендері сапасы төмен шикізатты жинайды екен. Ал қайта өңдеу зауыттарын жоғары сапалы қалдықпен қамту үшін қоқысты әу баста сұрыптап алу қажет. Белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың пікірінше, ойын қоқыстан тазартпаған халық еш уақытта тазалыққа қол жеткізбейді.

Қасымхан Бегманов, ақын:

Біздің адамдардың санасында сол тазартылмаған қоқыстар қалып қойған сияқты. Себебі, қоғам өзгерді, ұлттық идеология өзгерді, мемлекеттік ұстанымдар өзгерді. Мына ұрпақтың сана-сезімі өзгеруі тиісті. Мәселен, ертең Наурыз келеді. Наурыз келген кезде ауланы тазалаймыз, көшені тазалаймыз, ауылды, арықтарды тазалаймыз. Сол сияқты адамдардың санасындағы қоқысты да тазарту қажет.

Қазақстанның кей аймақтары Еуропаның тәжірибесін сынап көрді. Қызылжарда 2009 жылы, ал Алматыда 2012 жылы қоқыстың әрбір түріне арналған түрлі түсті жәшіктер орнатылды. Алайда, пилоттық жоба қос өңірде де жүзеге аспай қалды. Бүгінде ол жәшіктер қайтадан сұр кейіпке еніп, еуропалық "өңін" жоғалтып алды.

Сондықтан тәжірибелі маман Ибрайхан Мұсабаев бұқара арасында қоқысты сұрыптау дағдысын қалыптастыру үшін «айыппұл салу» әдісін қолдану қажет деп санайды.

Ибрайхан Мұсабаев, «Ибрайхан и К» көпсалалы мекеменің басшысы:

Біріншіден, халықты үйрету керек. Барлық өркениетті елдерде сұрыптап жинау, соны заңдастыру керек. Осы уақытқа дейін қанша заңдар шығып жатыр, бірақ осы темаға келген кезде батылдыққа бара алмай отыр, ешкім. Бірақ күннің күнінде бәрібір  бастау керек қой. Соңдықтан осы кезде бастаған дұрыс. Бірінші халыққа. Орындалмаған жағдайда қандай айыппұлдар төлей ма? Қазіргі рычагымыз - бұл айыппұл.

Абзал Құрманкин, тілші:

Ибрайхан Мұсабаевтың айтуынша, елдегі қоқыс полигондары материалдық ресурс деп есептелу қажет. Мәселен, Еуропада қолданылған затты сұрыптап тастау балабақшадан бастап үйретіледі. Нәтижесінде тұрмыстық қалдықтың тек 10 пайызы ғана полигонда көміледі. Қалғаны кәдеге жаратылады екен. Қазір дамыған елдер қоқысты энергия көзі ретінде де қарастырып отыр. Айналып келгенде біз алдымен санадағы "қоқыстарды" тазартпасақ, жеріміздің қоқыс пен қалдыққа толғаны - толған.

А.Құрманкин, аймақтағы әріптестердің көмегімен. «Біздің Уақыт».