Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматылық бір топ зағип жан велосипедпен Қырғызстанға аттанды

AstanaTV
14.08.2017ж. 20:00
3529
Алматылық бір топ зағип жан велосипедпен Қырғызстанға аттанды

Мүгедектік - спортпен айналысу үшін кедергі емес! Осындай ұранды ұстанған «Анашым» қоры зағип жандар арасында халықаралық веложарыс ұйымдастырды. Көзі нашар көретін және көзі мүлде көрмейтін жандардан құрылған команда 5 күн бойы велотандемде 500 шақырымды жүріп өтпек. Олар жол полициясы қызметкерлерінің бақылауымен жолға шықты.

Мүмкіндігі шектеулі велошабандоздар сапар алдында велосипедтерінің саймандарының түгел екеніне көз жеткізіп, бір пысықтап алды. Биыл веложарысқа 15 зағип жан қатысуға ниет білдірген. Жанары сәл көретін адамдар велосипедті өздері тебеді. Ал, тіпті көрмейтін жігіттер тандемде болады. Олармен бірге полиция жолға шықты. Олар 5 күн бойы Алматы-Бішкек-Ыстық көл бағыты бойынша 500 шақырымды жүріп өтуге бел байлады. Солардың бірі - Бахтияр Базарбеков.

Бахтияр Базарбеков, «Шексіз спорт»  жобасының жетекшісі:

Менің өзімнің де көзім көрмейді. Бірақ соған қарамастан, үнемі жұмыс істеуге талпынамын. Біздің белсенділігіміз - тек өзіміз үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл дені сау жастар үшін үлгі. Мақсатымыз - экотуризмнің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдар әлеуетінің ашылуына ықпал ету және белсенді өмір салтын насихаттау.

Былтыр 9 адамнан құралған велошерушілер Астанаға барды. 1200 шақырым жерді бағындырды. Осы жылы команда саны көбейіп, веложарыс халықаралық дәрежеге ие болды. Ұйымдастырушылар бұнымен тоқтамақ емес. Келер жылға «Континент жалғау» атты жарысты жоспарлап қойған.

Кенжеғұл Социалұлы, «Шексіз спорт» жобасының ұйымдастырушысы:

Бірдеңе жету арқылы адам өзін-өзі жоғарыға көтереді. Сондықтан мен ойлаймын, кез-келген адам біздің шеруімізді көру арқылы, бір тәлім алып, спортта болсын, өзінің өмірінде де болсын, үлкен-үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймын.

Марафон 16 тамызда мәресіне жетеді. Веложарыс қорытындысы бойынша спортшылар Ыстық көлге саяхат жасағысы келетін адамдар үшін онлайн карта жасап шығармақ. Сондай-ақ  туризмді насихаттап, екі мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы жағдайдың жасалуын қамтамасыз ету үшін ұсыныстар жасамақ. 


Айгүл ЕРМАХАН