Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Қазақстанда COVID-19 тағы 4 адамның өмірін жалмады

Қазақстанда COVID-19 тағы 4 адамның өмірін жалмады

Ауру белгілері жоқ тағы 313 адам анықталды. Осылайша, COVID-19 дертін жұқтырған, алайда жалпы тізімге кірмеген "симптомсыздар" саны елімізде 1 мың 300-ге жетті. Індеттен көз жұмған азаматтар да көбейіп келеді. Құрбандар саны 50-ден асқан. Бүгін Атырауда дерттен үшінші адам қайтыс болды. Өлім дерегі тағы Павлодар, Қарағанды және Оралда тіркеліп отыр. Толығырақ тілші тарқатады.

Қаза тапқандардың бірі Атырау облысы Құрманғазы ауданының 72 жастағы тұрғыны. Марқұм екі жақты пневмониямен орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған. Зейнеткер әжейден, артериалды гипертензия, бауыр стеатозы, созылмалы панкреатит сияқты өзге аурулар да анықталды.

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Науқасты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстыруға дайындап еді, бірақ жағдайы күрт нашарлап кетті. Дәрігерлер жүрек-өкпе реанимациясын жасады, барлығы нәтижесіз болды. Өкінішке орай ол қайтыс болды.

Ал Оралда 7 науқастың жағдайы ауыр. Олардың төртеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше өткен тәуілікте індеттен көз жұмған екінші дерек тіркеліпті. 1952 жылғы әйел 27 мамыр күні облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына хал үстінде жеткізілген. Емделуші екіжақты пневмониямен ауырыпты.

Болатбек ҚАЮПОВ, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясымен бір өлім жағдайы тіркелді. 1956-жылы туған азаматша - БҚО тумасы. Қайтыс болған кездегі диагноз - коронавирус инфекциясы, ауыр дәрежелі.

Еске сала кетейік, COVID - 19 жұқтырғандар саны ел аумағында 13 мыңға жуықтады. Оның жартысынан астамы қауіпті дерттен айықса, қайтыс болғандар саны 56-ға жетті.

Ғ.Өтемісов