Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны 375-ке жетті, оның 28 медицина қызметкері, - ДСМ

Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны 375-ке жетті, оның 28 медицина қызметкері, - ДСМ

Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны 375-ке жетті. Өткен аптада 111 өлім жағдайы тіркелді. Өкінішке қарай, індеттен көз жұмғандар арасында 28 медицина қызметкері бар. Олар, пандемиямен алыс кезінде ажал құшты. Бүгінгі күн Батырларының тізімін министрлік жариялады. Ақ халаттылар инфекциялық провизорлық стационарларда, модульді ауруханаларда жұмыс істеген. Бұл елдің денсаулық сақтау саласындағы орны толмас қайғылы жағдай. Адам жанын арашалап, науқастарға екінші рет өмір сыйлаған, қызметін адал атқарған мамандардың еңбегі ұмытылмайды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустан көз жұмған дәрігерлердің отбасына көңіл айтты.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Менің әріптестерім -  күтпеген қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, соңғы демдері қалғанша күресті. Олар өмірінің соңына дейін дәрігерлік борышын жанқиярлықпен атқарды. Біздің есімізде олар мәңгі, нағыз батыр болып қалады.

Бүгін Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев, еңбегі сіңген бірқатар медицина қызметкерлерін арнайы наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы үшін, марқұм: Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы "Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы" МКК бөлімше меңгерушісі - Исаев Олег Николаевич пен Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері - Қозбағаров Қалихан Есбосынұлының атына  Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі - "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені берілді.

Ақтөбелік Қалихан Қозыбағаров облыстық мекемені 8 жыл басқарды. Әріптестері ол кісіні, "өте талапшыл басшы", деп еске алады. Пандемия басталғалы күні-түні жұмыста жүрген. Сөйтіп, өзі пневмонияға шалдықты.

Нұржамал ЕСЕНҒАЛИЕВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕР:

Өзі жұмысқа өте жауапкершілікпен қарайды. Қызметкерлеріне де талап қоя біледі. Жұмыста, уақытында тәртіппен сол кісінің басшылығымен біздер көп нәтижелерге жеттік деуге болады.

Интар ҚҰЛЖАНОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС МЕДБИКЕСІ:

Каждый палатаға кіріп науқастардың жағдайын сұрап, тамақтары, төсегі қалай сұрап, талап ететін. Қалихан Есболсыновичтің қайтқаны бізге өте ауыр тиіп тұр.

Коронавирус инфекциясынан осы күнде еліміз бойынша 26 мың адам ал, пневмониядан бұдан бірнеше есе көп науқас ем қабылдап жатыр. Олардың қатары өкінішке орай күннен-күнге көбейіп барады.

Әмірдін АЛИШЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ақ халатты абзал жандарға тек айтарымыз алғыс. Күндіз-түн демей қасымыздан табылып, жағдайымызды сұрап көңілімізді көтеріп емдеп жатыр айналайындар. Бар жақсылығын жасап жатыр бәрімізге.

COVID-19 бойынша сандық мәліметтерге қысқаша тоқталсам. Өткен тәулікте 1646 адамнан індет анықталған. Осылайша ауырып жатқандардың саны 60 мыңға таяды. 34 мыңнан астам науқас сауығып шықты.

А. Данияр