Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматы облысында отбасы мүшелері түгелдей құжат ала алмай жүр

AstanaTV
21.08.2020ж. 20:00
2091
Алматы облысында отбасы мүшелері түгелдей құжат ала алмай жүр

Алматы облысында бүтін бір отбасы құжат ала алмай жүр. Қарасай ауданында тұратын Сәуле Қадырбаева өзіне, қызы мен жиеніне құжат алу үшін бармаған жері, қақпаған есігі қалғанын айтты. Құзырлы органдар болса жауапты бір-біріне сілтеп, бүгінге дейін ысырып келіпті. Шарасы таусылғандар кімнен көмек сұрарын білмей дал. Тілшіміз тақырыпты тарқатады.

Сәуле Қадырбаева – Алматы облысы Қарасай ауданының тумасы. Ол 1975 жылы өмірге келген. Бірақ осы жасқа келгенше әлі күнге бірде-бір құжаты жоқ. Өзінің айтуынша неге екені белгісіз туу туралы куәлік оған берілмеген. Мектепке құжатсыз қабылданып, білім алғанымен, аттестат алмаған. Тәуелсіздік алған жылдан өзінің "Қазақстан азаматы" екенін дәлелдей алмай келеді. Сәуле үшінші рет сотқа арыз тастады. Алайда, бұл жолы да шешімнің оң болатынына күмәнді. 

Сәуле ҚАДЫРБАЕВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алғаш рет 16 жасымда құжаттарды алуға тырыстым. Төлқұжат бөліміне бардым, алайда бөлім басшысы ұрысып, маған айқайлады. Мен ол кезде кішкентай қыз едім, бұрылып, кетіп қалдым. Содан кейін бірнеше рет құжат алуға тырыстым. Әйтеуір бір кедергілерге тап боламын.


Құжаттың жоқтығынан туған қызында да құжат ала алмаған. Бүгінде оның өзі 22-ге толыпты. Жалғызбасты анаға бұл жолы аудандық көші-қон бөлімінің мамандары көмек қолын созды.  Олар азаматша төлқұжатын қолына алғанға дейін құқықтық көмек бермекші. 

Дамир ӘКІМНИЯЗОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ ІІБ КӨШІ-ҚОН БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Қазіргі таңда біз сотқа жүгіндік. Сотқа мектепте оқыған анықтамасын тапсырдық және өзінің сіңілісінің анықтамасын бірге өткіздік. Соттың шешімі шыққанан кейін АХАЖ бөлімінен туу туралы куәлігін аламыз, сосын бұл кісіге Қазақстан Республикасының жеке куәлігін алуға көмек береміз.

Ал, заңгерлер мұндай жайттар кездесіп тұратынын айтты. Сәуле Қадырбаева сотқа дұрыс арызданбаған. Сондықтан бұл мәселе шешімін таба алмауда деді. Алдымен анасы Сәулені қызы екенін заң алдында дәлелдеп алуы тиіс екенін айтты. 

Тілеужан КІШКЕНЕБАЕВ, ЗАҢГЕР:

Анасы сотқа береді: осы қызды менің балам деп тануды сұраймын деп. Сонда сот ДНК сараптамасын тағайындауы мүмкін немесе туған бауырларын куә ретінде тартып, солардың жауаптарымен де қызы деп танып беруі мүмкін. Бұлар талапты басқалай берген. Туу туралы куәлікті қалпына келтіру туралы берген. Яғни, талапты дұрыс қоймаған. Бұл кісі өмірі құжат алмаған, акт жазбасы жасалмаған. Сондықтан соттың талаптардан бас тартуы сондықтан болып отыр.

Демек, Сәуле Қыдырбаева құжат алу үшін оның анасы сотқа арыздануы тиіс. Бірақ қария қазір төсек тартып жатқандықтан ол мүмкін емес деді қызы. Бұл мәселе енді қалай шешілерін, әзірге ешкім дөп басып айта алмады.

А. Кемелжан