Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Павлодар облысында 2 жарым айдан бері жалақы алмаған жұмысшылар бар

AstanaTV
27.10.2020ж. 20:00
2234
Павлодар облысында 2 жарым айдан бері жалақы алмаған жұмысшылар бар

Павлодар облысында 40-тан астам жұмысшы 2 жарым айдан бері жалақысын ала алмай жүр. Олар қарағандылық мердігер жұмысын істетіп алған соң, еңбекақыны төлемей кетті дейді. Ал Баянауыл ауданының әкімі тұрғындарға еңбекақыларын алып беруге уәде еткенімен, ол да орындалмаған. Амалы таусылған тұрғындар арнамыздан араша сұрады.

Ерсін Шабалов – Майқайың кентінің тұрғыны. Ауылға жылу құбырын тартуға ат салысқан. Алайда, тамыздан бері жалақысын ала алмай жүр. Ол 2 миллион теңгеден асатын алашағым бар дейді.  

Ерсін ШАБАЛОВ, МАЙҚАЙЫҢ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

5 ұлым бар. Әйелім жұмыс істемейді. Кеудеде бала бар. Өзім жер үйде тұрам. Көмірім жоқ. Қарт анам бар, 75-ке келді. Емдеу керек. Емдеуге дәрі жоқ. Ақша жоқ ол дәрінің бәрін алуға.

Кентте жылу құбырын тартуға жұмылдырылған 40-тан астам жұмысшы бар. Барлығы да жалақыларын даулап жүр. Айтуларынша Майқайыңдағы тендерді жеңіп алған қарағандылық компания жұмыс біткен соң, ұшты-күйлі жоқ болған. Жұмысшылар бұған аудан әкімін кінәлайды.

Болат ОМАРОВ, ЖҰМЫСШЫ:

Менде бригада. Техника бар, монипулятор, экскаватор-погрузчик, разное разнорабочий жігіттер бар. Қасымда монтажник жігіттер бар. Сол істеген жұмыстарыма 8 млн 282 мың теңге қарыз.

Данияр ОМАРОВ, ЖҰМЫСШЫ:

Мұнда халық жылусыз қалады - деді. Ақ шашымды сыйлаңдар - деп Қанат Сәрсенович бас киімін шешіп көрсетіп, мен айтқан сөзімді орындаймын - деді. Үлкен кісі болғаннан кейін сол кісінің сөзіне сеніп, ертесі күні жұмыстың бәрін жалғастыра бастадық.

Десекте жылу кентке уақытылы беріліпті. Бірақ мердігер жұмысшылардың еңбекақысын ғана емес, ой-шұқырды да тігістемей кеткен.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Бұл жөндеу жұмыстарынан кейінгі көрініс. Өйткені, мердігер материалды толық жеткізбегендіктен, шұңқырлар осылай ашық қалған. Ал енді оны кімнің жабатыны да белгісіз.

Өмірзақ ЖЕТЕКОВ, МАЙҚАЙЫҢ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:


Оның неткеніне 2 ай болды. 2 бала құлап қалды мына жерде. Құдай сақтап аман қалды.

Ал мердігерге телефон арқылы тілдескенімізде жалақының кешігуіне әкімдіктің қаражатты уақытылы аудармауы себеп - деді.  

Хасан АРСЕЛЬГОВ, МЕРДІГЕР:

Иә осындай мәселе болды. Қазір барлық сұрақ шешілді. Әкімдік маған теңгені аударатын болды. Сосын бірден жалақыларын төлеймін.

Ал аудан әкімі айтқан сөзін орындату үшін әрекет етіп жатқанын айтады. Оған қоса басы дауға қалған мекеме, жұмысшылармен еңбек келісім-шартта жасатпағанын айтты.  

Қанат КӘРІМОВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ана келісім-шарттары жоқ жігіттердің ана мекемемен. Қол хат алып, келісім шартқа қолдарын қойғызып, нақтылап, наториально забирает еттік. Анау мердігер компанияның басшысы айтып отыр ертең сәрсенбі күні келеміз. Ақшаларын төлейміз, үйтеміз- бүйтеміз - деп.


Бір-біріне сілтеген мердігер мен әкімдік, жалақы дауын шешіміз дегенімен, ауыл әкімі бұдан мүлдем күдерін үзген.

Ербатыр МОЛДАТАЕВ, МАЙҚАЙЫҢ КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:


9 млн. 500 мың теңге аударылды. Мына жерде барлық кінә мердігерлерден. Оларға ақша аударылады. Олар аударылған ақшадан ешқандай жалақы төлеп жатқан жоқ. 21 млн.-ды аударып берген мердігер төлеп береді деген уже бізде сенім жоқ олар төлеп бере ме деген.


Ауыл басшысы сенімін жоғатқанымен, жұмысшылар аянып қалар емес. Олар енді бірігіп мердігерді сотқа беруге бекініп отыр.

Ө. Қуанар