Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Полицияға бағынбай, адам өліміне себепкер болған жүргізуші жауапқа тартылады

AstanaTV
26.02.2021ж. 20:00
2691
Полицияға бағынбай, адам өліміне себепкер болған жүргізуші жауапқа тартылады

Батыс Қазақстан облысында полицияға бағынбай, жолға шыққан көлік апатқа ұшырады. Төрт жолаушы оқиға орнында тіл тарпай кеткен. Тағы 6 адам ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың арасында да жағдайы ауыр науқастар бар екен хабарлайды. Ал, опат болған төрт жолаушының бірінің аты-жөні әлі белгісіз. Жол апатына себепкер болған көлік жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.  

Мына кадрларды жергілікті полиция таратты. Бораннан тас жолдың жабылғанын ескерткен сақшыларға мына көлік құлақ асар емес. Оның соңынан іле-шала екіншісі де ілеседі. Полицейлер дереу олардың ізіне түскенімен, ақтүтек боранда апатқа себепкер болудан қорқыпты. Қуғынды тоқтатып, алдағы полиция бекетіне тәртіп бұзғандар туралы хабар береді. Бірақ қарлы боранда қарасын көрсетпей қашқан көлік көп ұзамай басқа машинаға соғылған. Күл-талқаны шыққан көліктегі жолаушыларды құтқарушылар шығарып алды.

Жапа шеккендер жақын ауылдағы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер төртеуінің жағдайын ауыр деп бағалауда.

Алмас ЖҮНІСБЕКОВ, АҚЖАЙЫҚ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жалпы көлікте болғандар саны он кісі, төрт кісі оқиға орнында қаза болған. Алты кісі түрлі жарақаттармен Тайпақ ауылдық ауруханасына жеткізілді. Оның төртеуі ауыр жағдайда.

Полицияның талабына бағынбаған екі жүргізуші де жауапқа тартылады. Ал апатқа ұшыраған көлік иесінің үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Сақшылардың айтуынша, жолдағы апаттың жиілеуіне жылдамдықты асырғандар кінәлі. Енді олар желөкпелерге қарсы күрестің жаңа тәсілін іске асырмақ.

Жанболат ЖАНШИН, БҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:


Біздің қызметкерлер жеке автокөлікке радар қондырғысын қойып, жасырын түрде оларды түсіреді. Сосын келесі тұрған экипажға хабарлама береді: «Осындай автокөлік біздің қасымыздан өтті, жылдамдығы осындай, асығып барады, ұстаңыз!», - дейді. Содан ұстайды, біздікілер келеді, видеоны көрсетеді. Сосын хаттама толтырады.

Ажал аранына айналған "Атырау-Орал" тас жолының бойында былтыр небары 2 жол апаты болған. Биыл бас-аяғы екі айдың ішінде 14 адам жол апатынан көз жұмған. Жиырмаға тарта бала жетім қалды. Енді күре жолдағы қауіпсіздікті күшейту үшін жолдағы қозғалысты қадағалайтын полиция экипаждарының саны көбейтілмек. Ал апаттан опат болған төрт адамның біреуі кім екені әлі белгісіз.

Е. Карин