$522.49 €547.88 ₽5.06
×

Елорда іргесіндегі елді мекенде шешілмеген мәселе көп

AstanaTV
04.06.2021ж. 20:00
1911
Елорда іргесіндегі елді мекенде шешілмеген мәселе көп

Елорда іргесіндегі 42-разъезде жақында екі бала қазылған шұңқырға түсіп кетіп, көз жұмды. Бірақ оған жауаптылар әлі анықталмай жатыр.Тұрғындар кінәлілер табылса, жазасын алса дейді. Елді мекенде мұнан өзге де проблема жетеді. Мектеп, балабақша, тіпті дүкен   жоқ. Жұрт азық-түлікті көрші ауылдан тасып отыр.Тұрғындардың мұқтажына  құлақ асатын   қазір мұнда  әкім де жоқ.  Тізбектелген жоқты түгендей алмай   әбден шаршаған тұрғындармен тілшіміз Ақбота Базарбай тілдесті.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Бұл шұңқырды қалалық су жүйесі қазып, қайта көмбей кеткен. Жауын жауса ішіне су толады. Жақында дәл осы жерден екі бала суға кетіп, көз жұмды.

Суға кеткен баланың екеуі де жеті жаста. Біреуі бір үйдің- тұңғышы, екіншісі бір  отбасының- жалғызы. Үйдің дәл жанындағы шұңқыр баланы жұтады, орны толмас қайғы әкеледі деп ешкім ойлаған жоқ. Бұл негізі су құбырлары үшін қазылған. Бірақ аяқсыз қалған, жан-жағы қоршалмаған, беті жабылмаған. Ішіне екі жарым метрдей су жиналған.   "Мұнда бала түгілі  ересек адам түссе шығуы екіталай" дейді тұрғындар.

Қонысбай АБИКАРОВ, ТҰРҒЫН:
 
Екі баладан айырылып қалдық. Оны ешкім қайтарып бермейді. Мынандай жауапкершілік, мынандай жұмыс деген, мына сайларды-ямаларды көріп тұрсыздар. Ана өзеннің ортасында экскалатормен қазып, бала түгілі оны үлкенде білмейді.  Үлкен де батып кетуі мүмкін.

Әкімдіктегілер мен су мұнарасын орнатқандар екі   бала бақилық болғаннан кейін ғана бұл аймаққа ат басын бұрған. Оған дейін мүлдем назар  салған жоқ дейді жұрт. Қазған шұңқырларды ашық-шашық тастап кеткен  мекеме қайғылы оқиғадан кейін ғана қимылдаған.  Ал бұрынғы әкім халықтың жағдайын жасаудың орнына, мінез көрсетіп, жауапкершіліктен жалтарды дейді тұрғындар.

Галя ИСАҒҰЛОВА, ТҰРҒЫН:

Әкім келіп, жас екен. Соны айтқанда машинаның дөңгелегін теуіп, білмеймін ештеңе теміржолға қарайтын 4 ақ үй бар, қалған үйлерді мен білмеймін деп кетіп қалған.

Бұл елді мекенде жол да жоқ. Тұрғындар қыста ешқайда қатынай алмай қиналса, жазда батпақ пен шаңнан көз ашпайды. Ал екі жыл бұрын ғана ашылған медициналық бекетте 1 медбикеден басқа тірі жан таппайсыз. Жарықты тұрғындар үйлеріне өздері тартып алған.  Қала іргесінде тұрып, өлместің күнін кешкен халық кімнен көмек сұрарын да білмейді.  

Камал ДҮЙСЕКЕЕВА, ТҰРҒЫН:

Біз ешкімге керек емеспіз, ешкімге. Әкімге де, учаскелік полицияға да ешкімге керек емеспіз. Жол жоқ, зауыт салып қойды, медпункт құр тұр, 24 кабинет. Одан да мектеп не балабақша салмай ма!


Бұрын қатар жатқан үш ауылға 1 әкім еді. Қазір ол да жоқ. Енді бұл жерге жаңа басшы тек әкімдер сайлауынан кейін тағайындалады. Ал әкімдіктегілер қазылған шұңқырға қатысымыз жоқ дейді. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатқанын айтты.

Абай БЕКБАЕВ, АРШАЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Аршалы ауданы бұл жерде ешқандай қазу, құрылыс, ремонттық жұмыстарды жүргізу тапсырмасын бермеген ешкімге. Сондықтан біздер үшін де бұл үлкен сұрақ. Полицияның тексерісінен кейін біз оны анықтайтын боламыз. Енді бір-бір жарым ай уақыт қалды, әкім сайланғаннан кейін жалпы бұл ауылдың жағдайы жақсарады деп сенеміз.

Ал қалған мәселелер рет ретімен шешіледі. Жолға 200 миллион теңге бөлінген.   Жұмыстар осы айда басталып, күзде аяқталады дейді.  Балабақша құрылысы да биыл қолға алынбақ.  Бірақ мектеп пен аурухана салу үшін тұрғындар саны жетпейді. Сондықтан әзірге балалар көрші ауылға қатынап оқиды.

А. Базарбай