Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Жаңаөзенде пандемия кезінде қаза тапқан дәрігерлердің есімі ұлықталды

Жаңаөзенде пандемия кезінде қаза тапқан дәрігерлердің есімі ұлықталды

Жаңаөзендіктер қауіпті індетпен күресте алғы шепте жүріп, қаза тапқан дәрігерлерге арналған ескерткішке тағзым етті. Денсаулық сақтау саласында ерен еңбегімен есте қалған ақ халатты абзал жандардың есімі жазылған. Жауапкершілігі мол мамандық иелерінің еңбегі пандемия кезінде еселеніп, оларға артылған жүк ауырлады. Бірақ антына адал дәрігерлер ешқандай қиындыққа қарамастан аянбай тер төкті. 


Ескерткіш - Мұрат Сариевтің идеясы. Жаңаөзеннің орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері адам өмірінің арашасы-ақ халатты абзал жандардың еңбегі үлкен құрметке лайық деп есептеді. Тас тұғырға 21 медицина қызметкерінің есімі қашалып жазылған. Тізімнің ең басында - Мұрат Сариев тұр. Себебі, игі бастамаға мұрындық болған азаматтың өзі ойындағыны жүзеге асыра алмай, қапияда көз жұмды. Алғы шептегі дәрігер короновирустың құрбаны болды.


Серік АСҚАРОВ, ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мұрат Сариев сала ардагерлерін, халықтың игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген әріптестерімізді үнемі ескеру қажет деп айтып отыратын. Бірақ, өкінішке орай Мұрат Ағапұлы өзі де ажал құшты. Пандемия кезінде ол әрдайым алдыңғы қатарда болды. Барлық жан-тәнімен, шаршамай-шалдықпай қауіпті індетпен күресті.


Әбіл САРИЕВ, М.САРИЕВТІҢ АҒАСЫ:

Біз Мұрат өмірден өтсе де оған ерекше назар бөлініп жатқанына қуаныштымыз. Ол қалада өте сыйлы дәрігер болды. Ол жаратылысынан дәрігер болуға арналған жан еді.


Мұрат Сариевтің құрметіне келер жылы Жаңаөзенде дәрігерлік амбулатория ашылмақ.Онан бөлек, орталық ауруханада арнайы бөлме бар. Жалпы өңірде медицина саласы жылдан жылға жетіліп келеді. Көңіл қуантатын оң нәтиже бар. Кадр тапшылығы мәселесі де шешімін табуда. Өзге аймақтардан жас мамандар шақыртылады.


Сәнім ТАНАЕВА, ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БӨЛІМІНІҢ КООРДИНАТОРЫ:

Қалалық әкімдік тұрғын үймен қамтамасыз етеді.Бұл кадр тапшылығын шешу үшін маңызды мәселе. Жәрдемақы да бар. Мұнайшыда 68 орындық провизорлық орталық жұмыс істейді. Ол жерде елордадан келген реанимотологтар бар. Оларға жәрдемақы мен пәтерақы төлейміз.


Бақытжан ХАБДЫРАХИМОВ, ПСИХОТЕРАПЕВТ:

Соңғы уақытта дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, техникалық қолдау, диагностика жұмысы жақсарды.Қызмет көрсету саапасы артты. Мен бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Еңбек етіп жүргеніме 36 жыл болды. Өмірімді қайта бастасам да қайтадан осы мамандықта таңдар едім.


Сондай-ақ, кәсіби мереке қарсаңында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан үздік медицина қызметкерлер алғыс хатпен марапатталды.


Л. Қуанышқызы