Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Ақтауда «Екпе алда- пәтер ұтып ал» акциясы бойынша бас жүлденің иегері анықталды

Ақтауда «Екпе алда- пәтер ұтып ал» акциясы бойынша бас жүлденің иегері анықталды

Ақтауда «Екпе алда- пәтер ұтып ал» акциясы өз жеңімпаздарын анықтады. Бас жүлденің иегері 27 жастағы Қайрат Қосаев. Ол құрылысы жүріп жатқан жаңа баспанадан екі бөлмелі пәтерге ие болды.

Жақынарада құрылыс компаниясымен келісімге отырады. Табан астынан олжалы болған Қайраттың қуанышында шек жоқ. Ол мұндай қомақты ұтысқа ие боламын деп, үш ұйықтасам да түсіме кірмеген дейді.

Қайрат ҚОСАЕВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сол індет күшейіп бара жатқасын, жан-жақты ойлап, өзім торговый компанияда жұмыс жасайтын болғасын өз еркіммен клиникаға екпе салдыруға келдім. Сол екпені салдырып жатқаннан соң ойын ойнатылып жатқанын көзіммен көріп, бағымды сынап көрейінші деп данныйларымды жібергем. Содан деген, бұрын-соңды ештеңе ұтып көрмеппін. Бірінші рет осы ұтып, шынайы екеніне көзім жетіп жатыр. Қуаныштымын қуанышымда шек жоқ.   


Науқан 22 маусымда басталған. Қатысу үшін екпенің бірінші компоненттін алу жеткілікті еді. Нәтижесінде бас жүлдеге таласуға он мыңға жуық адам ниет білдіріпті. Асығы алшысынан түскендердің қатарында Сәлима Сейфулла да бар. Бес баланың анасы байқаудан тоңазытқыш ұтып алды.

Сәлима СЕЙФОЛЛА, МАНҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

25 июнь күні вакцинаны Ласқұдық ауылында алдым. Сонда осындай науқан болып жатқанын көрдім. Бір жағынан өзімнің денсаулығым үшін, вакцинаны алдым. Індеттен аман сау құтылу үшін. 6-сы күні өзімнің туған күнім еді тоңазытқыш ұтып алдым. Қуаныштымын алда да осындай науқандар болады деп жатыр. Ұтыс шынайы екен.


Ұтыс ойындары әр жұма сайын тікелей эфирде өтіп отырған. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар халыққа ерекше серпіліс береді дейді. Сондықтан да шара алдағы уақытта жалғасуы мүмкін деді.

Нұрлан ҚУАНЫШБАЙ, БАЙҚАУДЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

Осы бір жарым айдың ішінде біз 30-ға жуық бағалы сыйлықты тараттық. Және ең бастысы Ақтау қаласында екі бөлмелі пәтердің иесін анықтадық. Науқанға шамамен 10 мыңға жуық адам қатысты. Барлығы өз еркімен екпе алғандар. Науқан жақсы өтті басында теріс пікірлерде болды. Қарсы шыққандарда болды. Түсінбегендерде болды. Бірақ уақыт өте келе барлығының көзқарасы дұрысталды.

Айта кетейік, "Екпе алда -пәтер ұтып ал" науқаны басталғалы облыста 30 мыңға жуық адам екпе қабылдаған. Соңғы ақпараттарға сенсек Маңғыстау облысында күні бүгінге дейін 200 мыңнан аса тұрғын короновирусқа қарсы вакцина салдырыпты.

Б. Сатуов