Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

1-қыркүйекте оқушылар мектепке барады

AstanaTV
11.08.2021ж. 20:00
1806
1-қыркүйекте оқушылар мектепке барады

Қыркүйекте оқушылар мектепке, студенттер - университеттері мен колледждеріне қайта оралады. Яғни оқу форматы оффлайнға ауыспақ. Білім және ғылым министрі, бүгін Үкімет мүшелеріне осыны жеткізді.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:


9 тамыздағы жағдай бойынша білім мекемелеріндегі педагогтердің  93,1%-ы және басқа қызметкерлердің 88,4%-ы КВИ-ге қарсы вакцина алды. Студенттердің вакцина алуын ынталандыру бойынша университеттер арнайы шараларды да іске асырып жатыр: оқу ақысын төмендету, ақысыз курстар ұйымдастыру, жолдамалар мен бағалы сыйлықтар беру сияқты бастамалар университеттерде кеңінен қолданылып жатыр.


Вирустың таралуына жол бермеу мақсатында, барлық білім мекемелерінде санитарлық талаптар қатаң сақталуы міндетті. Студенттер мен педагогтар және өзге де қызметкерлер ғимаратқа "Ashyq" қосымшасы арқылы кіргізілмек. Мектептерде қосымша ауысымдар ашылып, үзілістердің уақыты әртүрлі болады. Сабақ әдеттегідей "бір сынып- бір кабинет" қағидасы бойынша жүргізілмек. Егер, білім алушыдан немесе ата-анасынан коронавирус анықталған жағдайда, оқушы білімін қашықтан жалғастырады. Ал, денсаулық сақтау министрі екпе алмаған студенттер жатақханаға орналаса алмайды, деді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:


Індеттің таралуына жол бермеу үшін оқу корпустары, кітапханалар мен жатақханалардың кірберісінде міндетті түрде "Ashyq" қосымшасын пайдалану шарт. Мектепті ашу үшін үш ай ішінде ауырып жазылған немесе медициналық қарсы көрсеткіші бар адамдарды қоспағанда мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерді 100 пайыз екпе алуы керек.

Экс-сенатор Зәуреш Батталованың пікірінше, балалар мектепке баруға дайын емес. Министрлік нақты жүйені көрсете алмай отыр дейді. Қала берді, оқушылардың денсаулығына зиян келмеуіне де ешкім кепіл бола алмайтынын жеткізді.  

Зәуреш БАТТАЛОВА, САЯСАТТАНУШЫ:


Тек қана педагогтарға қарауға болмайды. Ол балалар өз отбасына келеді. Ол отбасында қандай жағдай болып жатыр оны кім біледі. Ертең ол бала сол мектепте емес отбасында ауырып келіп мектептегі қалған балаларға жұқтыруы мүмкін. Сондықтан мұнда логика бар деп айтуға болмайды. Ол логиканы Денсаулық сақтау министрі дәлелдеп айту керек еді.


Қалай десек те елдің бас ұстазы оқу жылына дайындықты пысықтауды бастап кетті. Айтпақшы, "Алғашқы қоңырау" салтанаты тек 1-сынып оқушылары үшін ғана өтетін болды. Сонымен бірге, мектеп табалдырығын аттаған биылғы бүлдіршіндер "Әліппемен" қауышады.


А. Данияр