$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Атырауда 4 айлық сәбиін пышақтаған әйелге қатысты сот процесі басталды

AstanaTV
29.09.2021ж. 20:00
2585
Атырауда  4 айлық сәбиін пышақтаған әйелге қатысты сот процесі басталды

Атырауда 4 айлық сәбиін 38 жерден пышақтап өлтірген келіншекке қатысты сот процесі басталды. Алайда 42 жастағы әйел  сот отырысына қатысқан жоқ. Себебі, қазір ол сот психатриялық сараптама қорытындысына сәйкес арнайы орталықта емделіп жатыр. Ал күйеуінің айтуынша, бұрын да әйелі  шақалақты тұншықтырғанын мойындаған.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:


Елдің үрейін ұшырған жантүршігерлік  оқиғаға қатысты істі қылмыстық істер жөніндегі   мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Айыптау актін оқыған прокурордың сөзінше, келіншектің туған сәбиін өлтіруге нәрестенің қайта –қайта жылауы себеп болған.

 
Нұрболат ӘБІЛОВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:

Жылай беріп, жұбатқанға көнбегендіктен күдікті Байкиева ашулы күйге түсіп, дәрменсіз күйдегі жас балаға қарсы қасақана қазаға ұшыратуға, яғни өлтіру мақсатында асхана бөлмесіне барып, қолына ағаш сапты асхана пышағын алғаннан кейін кері қонақ бөлмесіне келген. Осы сәтті  нәресте Құрманбай жылауын қоймағасын өзінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру үшін дәрменсіз күйде екенін біле тұра қолындағы пышақпен кеуде тұсынан бірнеше рет қасақана сұғып алған.


Нәрестенің әкесінің айтуынша,  әйелдің бойында бала босанғаннан кейін  түсініксіз жағдайлар пайда болған. Үйінен безіп, төркінге кетуі жиілеген. Қара нәрсе бар деп қорыққандықтан, бақсыларға көрсетіп, мал сойып, құран да оқыттық дейді. Тіпті әйелі бір рет шақалақты жастықпен тұншықтырғанын да мойындапты.

КҮДІКТІНІҢ ЖҰБАЙЫ:

Көршінің үйінде отырғам. Шауып келді. Мен баланы тұншықтырдым деп. Екеуміз шаптық үйге. Бала жылап жатыр. Көпшік ештеңе айналада ештеңе жоқ. Баланы көтеріп алдым. Өзім бірге жыладым.

Қанды оқиға болған күні ол отбасылық шаруалармен аудан орталығына кеткен. «Әйелім жалғыз сәбиін әдейі өлтірген жоқ» дейді, сондықтан оны  кешіретінін айтты. Сотқа күдікті қатысқан жоқ. Ол сот шешімімен психикалық денсаулық орталығында мәжбүрлі ем қабылдап жатыр.  

Зарина ХАМИДУЛЛИНА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ  МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 
Паранойтты шизофрения, ауруларды халықаралық статистикалық жүктемесі бойынша F20 созылмалы психикалық бұзылуынан зардап шекті және қазіргі кезде зардап шегеді деген диагноз қойылған. Қылмыс жасаған кезде өзінің іс әрекетінің іс жүзіндегі сипатымен қоғамдық қауіптілігін ұғына  алмады. Және оған  ие бола алмады.

Ал дәрігерлер науқастың қазіргі жағдайы тұрақты,- дейді. Тіпті жиі-жиі ауруханадан қашан шығаратынын сұрап қоятын көрінеді.

Дамир ҚОЖАНТАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізге түскені 20 тамыздан бастап. Қазіргі жағдайы бірқалыпқа келді. Бірақ психикалық бұзушылықтары бар.


Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
 
Естеріңізге салайық, қатыгез оқиға осыдан бес ай бұрын Құрманғазы ауданындағы Көптоғай ауылында болды. 4 айлық нәрестені туған анасы  асхана пышағымен бір емес, бірнеше жерден тілгілеп тастаған. Сотта оқиғаға куә болған көршілерінен де жауап алынуда.  


Б. Нәдірқызы