Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы жарық көрді

AstanaTV
06.12.2021ж. 20:00
2555
Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы жарық көрді

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті мақаласы жарық көрді. "Тәуелсіздік тағылымы" деп аталатын мақалада егемендік жылдары орын алған айтулы оқиғалар мен тарихи сәттер баяндалады. Тұңғыш Президент тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі сын-қатерлер мен өзекті мәселелерге шолу жасап, өз ойымен бөліскен. Мақаланы оқып, сарапшыларымен тілдескен әріптесім Бекболат Сатуов тақырыпты тарқатады.

Мақала сонау сақ пен ғұннан бастау алып, өткен ғасырдағы айтулы оқиғалар жайы сөз болған. Кеңес Одағы құрамында болған жетпіс жылдағы тауқімет, Тәуелсіздіктің де оңай келмегені баяндалады. Сол кездегі  сын-қатерлер мен егемендік алғалы қол жеткізілген жетістіктер, тарихи кезеңдер туралы терең ой қозғалған.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:

Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын.


Тәуелсіздігін алған жас мемлекет үшін ең басты міндет, шекараны шегендеу еді. Бұл тұста Елбасы 14 мың шақырымдық елімізге тиесілі жерді келіссөздер арқылы белгіледі. Оған Ресей мен Қытайдың қолдау білдіруі,  шекара мәселесі бойынша біраз мәселенің шешімі болған еді.Ал бүгінгі тұңғыш Президенттің мақаласы "Тәуелсіздіктің жеті тұғыры " қағидатының заңды жалғасы.

Әсел ӘБЕН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мақала мазмұны жағынан өте терең. Онда халқымыздың асыл құндылығы Тәуелсіздікте екені оның тұрақты болуы біздің әрекеттерімізге байланысты екені айтылған. Егемендігіміз ата-бабамыздың тар жол, тайғақ кешуімен келгені, оның бізге оңай беріле салмағыны, бәрі керемет көрініс тапқан. Мақала тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бізге үлкен серпіліс беруімен құнды.

Мақала мазмұны терең. Ол жастарды тәуелсіздікті бағалауға, егемендіктің қадірін қастерлеуге үндейді. Оны берік ұстау үшін, Елбасы өткен 30 жыл ішінде жүйелі реформа негізінде, "Қазақстан-2030,2050" бағдарламасы жасалды -дейді. Оған әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар «Қазақстан жолы» деп жоғары баға беруінің өзі, жас мемлекет үшін керемет жетістік еді.Ата заң, Ұлттық қор,теңгенің қабылдануы, ядролық жарылыстарға тоқтау салу мұның барлығы жас мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатында айтарлықтай жетістік еді.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова болса, мақала болашақ ұрпаққа салмақты міндет артыларын айқындап берді дейді.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Тәуелсіздігіміз қаншалықты қастерлі екендігі, тәуелсіздігіміздің қаншалықты аяулы екендігі және алдағы 21 ғасырдағы бізді күтіп тұрған сын-қатерлерден де тәуелсіздігімізді көзіміздің қаршығымыздай сақтап қалу басты міндетіміз екендігін әрбір жас Қазақстандыққа миссиясы ретінде айқындап берді.

Елбасы бұл мақаласында өзге елде жүрген қазақтардың жайына да арнайы тоқталған. Кезінде сұрқия саясаттан шетел асуға мәжбүр болған, қандастарымызды шеттен алдырудың өзі үлкен жетістік деп санайды. Тұңғыш Президент бұл үрдіс әлі де жалғасады деді. Өйткені  еліміздегі "Отандастар" қорының дерегіне сүйенсек, шет елдерде бүгінде 7 млн-нан астам қазақ бар.

Нұрхан ЖАЛИЕВ, "ОТАНДАСТАР ҚОРЫ" ҚОҒАМЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Тәуелсіздік алғалы Қазақстан елге шетелдегі қандастарын, бауырларын көшірумен айналысты. Ондай мемлекеттер әлемде көп емес. Саусақпен санарлықтай. Германия, Ресей, сияқты 4-5 мемлекетті айтуға болады. Соның ішінде Қазақстан. Осы тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде миллионның үстінде қазақ Қазақстанға қоныс аударды. Шетелден  қандастарымыз.

Елбасы өткен мен бүгінді тұжырымдап, келер келешектің кемел боларына сенім білдірді. "Тәуелсіздік те бақыт сияқ­ты, баға­ла­ған адамның, аяла­ған қоғамның қолы­на тұ­рақтайды деп қорытындалапты".

Б. Сатуов