Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Елбасы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

Елбасы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Тараптар күн тәртібінде тұрған өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. Бұл туралы Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметі хабарлады. Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың Құрметті төрағасы ретінде, ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммитіне шақырғаны үшін, Ресей Президентіне алғыс білдірді. Сонымен қатар, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесті одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталды. Ресей басшысы өз кезегінде, Елбасының Еуразиялық Одақты құруға және экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуға қосқан жеке үлесіне алғыс айтты.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:

Пандемияға қарамастан, тек Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының көлемі 24 миллиардқа жетті. Бұл басқа жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. Біздің міндет – Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамыту, қауымдастыққа мүшелер мен бақылаушыларды қабылдау және жаңа қатысушыларға оның пайдалы екенін дәлелдеу. Өйткені, консенсус негізінде жұмыс істейтін бұл бірлестік оның барлық мүшелерінің құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмейді.

Владимир ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір бүкіл әлемге індет өзінің кері әсерін тигізуде. Өндіріс деңгейі төмендеген кезде сіздермен бірлесіп әзірлеген тетіктер мен құралдар нәтижесін беріп жатыр. Қазақстанмен 2020 жылғы қарым-қатынасымыз, яғни пандемияның ең қиын кезеңінде күрделі экономикалық рецессияға жол бермегенімізді айтсақ та жеткілікті. Ал биылғы жылдың тоғыз айында өсім 30 пайыздан асты. Бұл, әрине, Қазақстанның қазіргі басшылығымен бірлескен қызметіміздің мардымды нәтижесі.


А. Данияр