Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Леңгір қаласындағы көпқабатты үйлерден шығатын сарқынды су көпшіліктің тынысын тарылтып тұр

Леңгір қаласындағы көпқабатты үйлерден шығатын сарқынды су көпшіліктің тынысын тарылтып тұр

Сасық иістен тыныс алу мүмкін емес. Түркістан облысындағы Леңгір қаласының тұрғындары осылай деп арнамызға шағымданды. Айтуларынша, көпқабатты үйлерден шыққан сарқынды судың қалдықтары сол маңнан ағатын Бадам өзеніне де құйылып жатқан көрінеді.  Ал жергілікті әкімдік өкілдері мұны растамайды. Тілшіміз Айзада Төребекқызы мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:


Леңгір қаласындағы көпқабатты бұл үйлердің пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған. Тұрғындардың алды 2016-шы жылы қоныстанса, кейбірі осы көктемде жайғасыпты. Алайда баспаналы болғандардың қуанышынан гөрі өкініші басым секілді. Айтуларынша, сасық иістен тыныс алу мүмкін емес.

 
Тынысты тарылтып тұрған көпқабатты үйлердің тап түбіндегі кәріз суын тазалайтын орталық көрінеді. Кішігірім көлшікке айналған бұл жердің айналасы  қоршалғанымен, төбесі ашық. Жағымсыз иіс ауаға тарап жатыр. Одан қалса симағаны сыртқа тасиды дейді тұрғындар.  

Роза МЕЛДЕШОВА, ЛЕҢГІР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы канализацияның иісін иіскеп, сасық иіспен демалып жатырмыз. Біз шыдай алмаймыз бұндай иіске. Мына канализация заңсыз тұр мына жерде, заңды емес, алып тастаңыздар. Акиматқа қанша айтылды бұл.
 
Жанат ТАСТАНБЕКОВА, ЛЕҢГІР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүкіл  үйдің канализациясының суының бәрі біздің  17-ші домға құйылады. Подвалдың астын көрсеңіздер қазір дем ала алмайсыздар, етікпен жүресіздер, шынын айтқанда.
 
Шайынды су асып-тасып жақын маңдағы өзенге де құйып жатқан көрінеді. Оны жергілікті жұрт видеоға түсіріп алған.  

Мәриям БАҒЫСБАЕВА, ЛЕҢГІР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Кәріз суы септикке симай жатыр тасып жатыр. Тасып ол өзенге құйылып жатыр. Үйлердің арасынан өтіп жатыр.
 
Алайда әкімдік өкілдері кәріз суы өзенге құйып жатыр дегенді жоққа шығарды. Бірақ сарқынды судың  тасып, төгілген  кез болғанын жасырмайды.  

Мақсат ЖҰМАБАЙ, ТӨЛЕБИ АУДАНДЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Беті ашық тұр. Оны енді қазір біз жаңа КОС салмай тез арада оның бетін жаба алмаймыз. Қалдық су жиналатын ямалар дейді ғой шұқыр салуға кезінде де ондай проектілер жасалған. Бірақ қаржы қолдау таппағандықтан ол жүзеге аспаған. Канализация ол кезде қайда құйылатыны КОСтың  сиымдылығы ол кезде есептелмеген шығар.

Қалдық су жиналатын  жаңа орын салу  жоспарда бар  дейді шенеунік. Құны 2млрд 600 мың теңге болатын жоба мақұлданған. Бірақ, әзірге, соның   50 млн теңгесі ғана бөлініпті.

А. Төребекқызы