Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Алматыда жұмысшылар жарты жылдан бері жалақыларын талап етіп жүр

Алматыда жұмысшылар жарты жылдан бері жалақыларын талап етіп жүр

Алматыда көпқабатты тұрғын үй кешенінің ішкі әрлеу жұмыстарын жасаған жұмысшылар, желтоқсаннан бері жалақыларын ала алмай жүр. Айтуларынша құрылыс компаниясы жарты жылдан бері әр нәрсені желеу етіп айлықтарын бермей келеді. Бүгін олар маңдай терлерін талап етіп, шу шығарды.  

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Былтырдан бері мына 9 қабатты тұрғын үйдің қабырғасын сылап, есігін тұрғызған жұмысшылар қарызға белшеден батқандарын айтады. Пәтер ақысы, несие, тіпті нанға ақша таппай отырмыз дейді. Көбі жүрерге ақы болмай бүгінгі жиынға келе алмаған.

 
Жалақысын даулағандар арасында басқа қалалардан келген құрылысшылар да бар. Келісім-шарт жасасып, біраз тер төктік деген олар ақыларын жемеуді сұрайды.
 
Мейірбек ЖҰМАБАЕВ, ЖҰМЫСШЫ:
 
Бәріміз басқа қаладан келгенбіз. Мен Тараз қаласынан келгенмін мысалы. Шымкент қаласынан бар. 5 миллион 800 теңге менің өз басым ақшам бар. Екі-үш рет алдарынан өттім. Ақшаны беріңдер. Маған емге керек, операция күтіп тұр.
 

Мегаполиске келіп опық жеген жалғыз Мейірбек емес. Тағы 40-қа жуық жұмысшы осы күйде отыр. Арасында мүгедек бала асырап отырған аналар да бар.
 
Фарида ЮЛБЕКОВА, ЖҰМЫСШЫ:

Октябрь айынан бастап мен жұмыс жасадым. Январь айында бізге вообще ақша берілген жоқ. Соңына келген кезде вообще бізге ақша ұстатқан жоқ. Беретіні аванс қана 20 мың, 30 мың теңге ма аштан қап кетпеңдер дегені. Өзімнің 2 млндай ақшам бар осы жерде.

Түрксіб ауданындағы бұл үйлер қазір пайдалануға берілген. Пәтерлерге халықтың алды қоныстанған. Алайда ішкі әрлеу жұмыстарын жасағандар құрылысқа жауаптылар әр нәрсені желеу етіп, маңдай терімізді бермей шаршатты дейді.    

Әлима ЖҰМАБАЕВА, ІШКІ ӘРЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫНА ЖАУАПТЫ БРИГАДИР:

Жительдер шағым айтып жатыр жуылмаған шашылып жатыр дейді мысалға. Ал менің міндетім емес оны жуу. Өйткені жительдер бар. Осы кск-да техничка деген бар. Міне притензиясы осы. Жумадың мен қолымды қоймаймын дейді.
 
Жаңа қонысқа келген тұрғындарың бұл уәжден хабары бар. Олар құрылысты жасаған мердігерге еш шағымымыз жоқ дейді.
 
Гүлдана САҚЫБЕЛОВА, ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйге ондай шағымым жоқ. Вроде нормально.  Тұрып жатырмыз. Қабырғаларын енді пока көреміз ғой. Әзірше нормально.
 
Жиналғандардың айтуынша тапсырыс беруші компания, мердігер мекеменің жұмысшыларына 15 млн теңге қарыз. Мұны жауаптылар теріске шығармады. "Берешегімізді көп ұзамай өтейміз", деп отыр.
 
Денис МАСЛЕНКО, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
 
Бүгінгі таңда жұмысшыларға 3 миллион теңге төлеуге дайынбыз. Төлем жасауды тоқтатқан себебіміз есеп жағынан мәселелер болды. Әрі мердігер мекеменің шоты бұғатталып тұрды. Атқарылған жұмыстар негізінен толықтай қабылданып бітпеді. Оны келесі аптаға дейін инженерлер тексеріп, қалған қаражатты өтейміз.
 
Десе құрғақ уәдеге тойдық деген жұмысшылар, бұл уәжге де иланбады. Сол себепті, олар еңбек инспекциясына шағым түсірді.
 
Ә. Лесбек