Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қосшының қоқысын кім шығарады?

AstanaTV
07.06.2022ж. 20:00
1649
Қосшының қоқысын кім шығарады?

Қосшы қаласында қоқыс шығару үлкен мәселе боп тұр.  Көршілес жатқан Тайтөбе ауылының іргесіндегі заңсыз полигон жабылғалы  жағдай күрделенген.  Коммуналдық салада келеңсіздіктер болмас үшін  енді қоқыс шығару тарифі көтерілуі мүмкін.  Қазір осыған орай қоғамдық талқылау болып жатыр.  Бірақ  жұртшылық жергілікті билікпен мәмлеге келе алар емес. Әрі қарай әріптесім Әділжан Бердібеков баяндайды.

Билік өкілдері мәселені шешудің ең тиімді тәсілі -тарифті көтеру дейді. Онан басқа амал  жоқ екенін айтады. Себебі Қосшы қаласы Елордаға жақын орналасқандықтан бұл маңға  талапқа сай полигон салуға болмайды.  Шаһардан шыққан күл-қоқысты тазалық мекемесі Нұр-Сұлтан қаласы сыртындағы полигонға апаруы керек. Жол қашықтығы жағдайды күрделендіріп тұр дейді жауаптылар. Осыған дейін жұмыс істеп келген Қосшы тазалығы мекемесі де осы қиындықпен бетпе-бет келген.  Ал бір айға жуық уақыттан бері  қаланың қоқысын өзге компания көмек ретінде тазалап отыр.  Олармен уағдаласқан  мерзім аяқталуға жақын. Құзырлылар сондықтан мәселені тез арада бір жақты етуге мүдделі.

Әлихан ҚУАТБЕКОВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл мәселе 19-20 жылдардан бері кезекте тұрған мәселе болатын. Қоғамдық кеңес халыққа ұсынды. Ол тариф енді бекітілсе, ол аз да болса қоқыс шығаратын компанияларға көмек болады деп ойлаймыз.

Бағаны бекітетін де біз емес дейді биліктегілер. Ол шаруа Мәслихат пен Қоғамдық кеңестің құзырында  екенін айтады. Бір анығы бұған дейін адам басына 250 теңге төлеп келген қосшылықтар жаңа тариф бекісе 532 теңге береді. Бірақ тұрғындардың бірқатары бірнеше жыл сақталған тарифтің бірден екі есе қымбаттауына қарсы.  

Дидар ОРАЛБЕКҰЛЫ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Талап етеміз 390 тг-ге қойсын деп. Кеңес мүшелері біздің пікірімізді білдіру керек етін. Бұл жерде керісінше.  


Ал қаланы қоқыстан тазартуға кететін шығындарды есептеп, тарифті ұсынған тұлғалар бұл ең тиімді баға деп отыр.

Ерболат ЕСЖАНОВ, ЖШС БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Табылған оптимальный варианты сол болды. Басқа варианты жоқ оны түсіретін, түсінесіз ба? 532 тг-ге сокрашение количество рейсов сонымен ғана соған түсіп отырмыз. Одан төмендететін возможность жоқ оған. Жағдай жоқ.

Көмекке келген тазалық мекемесі 10 күнде өз жұмысын тоқтатады. Осы уақытта тараптар ортақ шешімге келуі керек. Мәселе созыла берсе, Қосшыны қоқыс басады.
 
Ә. Бердібеков