Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Ақмола облысында жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады: төрт адам зардап шекті

AstanaTV
14.12.2023ж. 08:52
825
Ақмола облысында жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады: төрт адам зардап шекті

Ақмола облысында науқасты тасымалдаған жедел жәрдем мен "ГАЗель" жүк көлігі соқтығысып, салдарынан төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды 716.kz басылымы.

Басылымның облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап таратқан хабарына қарағанда, 13 желтоқсанда түнде Қосшы полиция басқармасының кезекші бөліміне екі "ГАЗель" көлігі соқтығысқаны туралы хабарлама келіп түскен.

"Оқиға орнына келген полицейлер бұған дейін "Астана-Қабанбай батыр" тасжолының 18 шақырымында, "Құрылтай" тұрғын үй кешенінің маңында екі "ГАЗель" көлігі жол-көлік оқиғасына ұшырағанын анықтады. "ГАЗельдің" 20 жастағы жүргізушісі Қабанбай батыр ауылына қарай келе жатып, қарама-қарсы бағыттағы жолға шығып кетіп, өзіне қарсы жүріп келе жатқан Астана қаласына бағыт алған жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан", – деп жазады басылым ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлер жол-көлік оқиғасы салдарынан 28 жастағы фельдшер, 73 жастағы науқас және екі жүргізуші ауыр жарақат алып, түрлі диагноздармен астаналық ауруханаға жатқызылғанын айтты. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Тәртіп сақшылары сараптама тағайындап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.