$448.98 €502.45 ₽5.45

Жетісуда төртем дүниеге келді

10.11.2026ж. 17:03
Жетісуда төртем дүниеге келді
Фото: ҚР ДСМ

Бірден төрт ұл баланы дүниеге әкелген Жетісу облысының тұрғыны перзентханадан шықты, деп хабарлайды Astana TV.

Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында қуанышты әрі сирек кездесетін оқиға болды. Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны төрт ұл баланы дүниеге әкелді. Енді отбасындағы бала саны жетеуге жетті!

Нәрестелер 24 қыркүйекте жүктіліктің 30 аптасы 6 күнінде кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Сәбилерге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деген есімдер берілді.

«Бірден төрт бала күтіп жүргенімді білгенде, бойымды сан түрлі сезім биледі. Таңғалдым, қуандым, әрине, қобалжыдым. Алда оңай жол күтіп тұрмағанын түсіндім, бірақ бәрі жақсы болатынына сендім.Маған және сәбилеріме қамқорлық көрсетіп, қолдау білдірген АГПҒО дәрігерлері мен барлық медицина қызметкерлеріне шексіз алғыс айтамын!», - дейді анасы.

Төртемге жүкті болу – өте сирек кездесетін жағдай әрі дәрігерлер үшін үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін күрделі үдеріс. Болашақ ана жүктіліктің 23-аптасынан бастап орталық мамандарының бақылауында болды.

Мерзімінен бұрын босану қаупінің жоғары болуына байланысты дәрігерлер ана мен сәбилердің жағдайын тұрақты бақылап, ықтимал асқынулардың алдын алу шараларын дер кезінде жүргізіп, қажетті медициналық көмек көрсетті.

Мұндай жүктілікті қадағалап-қарау акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар мен неонатологтардың үйлесімді жұмысын талап етті.

Әрбір осындай қуанышты оқиғаның артында медицина мамандарының орасан зор еңбегі, кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі және ең күрделі клиникалық жағдайларда жұмыс істеуге дайын болуы жатыр.

Ананы және үлкен отбасын төрт ұлдың дүниеге келуімен шын жүректен құттықтаймыз! Арлан, Арсылан, Әлихан мен Әмірханға зор денсаулық, күш-қуат және бақытты ғұмыр тілейміз! Ал ата-анасына отбасылық амандық, мол қуаныш пен береке тілейміз!

Мұндай қуанышты оқиғалар перинаталдық көмекті дамытудың және әрбір отбасы үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызын тағы бір мәрте көрсетеді.