Негізгі / Жаңалықтар / Бас прокуратура жаңа кадрлық жүйенің тиімділігін көрсетті

Бас прокуратура жаңа кадрлық жүйенің тиімділігін көрсетті

Прокуратура қызметінде ауқымды тазарту жұмысы жүргізіледі. Бүгін алқа отырысында Бас прокурор Жақып Асанов осылай деп мәлімдеді. Қызметкерлер "үздік" және "төмен" дәрежедегі маман деп бөліп қарастырылмақ. Көрсеткіші төмендер қызметтен босатылады. Әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнамада қатысушылардың 97 пайызы прокуратураға тамыр-таныссыз жұмысқа орналасу мүмкін емес екенін айтқан. Бұл да мемлекеттік қызметке қабылдау талабын өзгертуге негіз болып отыр, - деді Бас прокурор.


Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Бірыңғай қызметкерлерді қабылдау орталығын құру аяқталып келеді. Ол бөлімге, мысалы, өзгерту жасау туралы сауал жолдағым келсе, тіпті менің өзім де ықпал ете алмаймын. Себебі олар - тәуелсіз сарапшылар. Әрі жоғарыда айтылған шифрдың арқасында өздері де  кімді тексеріп отырғанын біле алмайды.

Бұған дейін конкурсқа қатысу үшін құжат жинауға тек 5 күн берілсе, қазір мерзім 1,5 айға ұзарған. Соның арқасында 1350 үміткер тіркеліпті. Сан жағынан басым болғанымен, білімді әрі озық жастарды іріктеу оңайға соққан. Өйткені заңнамаға байланысты тесттің өзін 378 адам тапсыра алмаған.

Александр Огай, ҚР Бас прокуратурасының кадр жөніндегі департамент басшысы:

Біздің іріктеуге 82 ЖОО-ның түлектері қатысты. Тиісті конкурстар өткізілген соң, тек 31 оқу орнының өкілдері ғана біз қойған талапқа сай болып отыр. Қалған 51 университет пен институттың білімі сәйкес емес деген сөз. Осыған орай біз рейтинг жасап шығардық. 1350 үміткердің тек 64 ғана барлық шарттарды орындап, академияда білім алып, қызметке тағайындалды.