$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақмола облысында психиатриялық ауруханадан қашқан науқас табылды

AstanaTV
19.12.2023ж. 12:57
1450
Ақмола облысында психиатриялық ауруханадан қашқан науқас табылды

Ақмола облысында психиатриялық ауруханадан өз еркімен кетіп қалған науқас «Көкшетау – Омбы» тас жолының бойында табылды.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 желтоқсанда Зеренді аудандық ПБ кезекші бөліміне Алексеевка кентіндегі психиатриялық ауруханада емделіп жатқан К.Беспалый есімді науқастың қашып кеткені туралы хабарланды.

Жоғалған адамның денсаулығының нашарлығы мен ауа райының құбылуына байланысты бірден іздестіру шаралары қолға алынды. Алексеевка ауылының аумағы және жақын маңдағы елді мекендер, автожолдар, орман алқаптары, қараусыз қалған үйлер мен ғимараттар тексерілді. Оған 5510 әскери бөлімінің нарядтары, Көкшетау қаласының 2-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 15 қызметкері, қызметтік иттері бар кинологтар, медицина қызметкерлері тартылды.

Сонымен бірге, тәртіп сақшылары жоғалған адамның бұрын Жақсы ауданы аумағында тұрғанын ескеріп, сол жақта да іздестіру шараларын жүргізді.

Төрт тәуліктен кейін, 18 желтоқсанда сағат 22.00 шамасында жоғалған ер адамды «Тұлпар – 506» патрульдік полициясының экипажы Руслан Байжанов пен Нұрсұлтан Бәжіров «Көкшетау – Омбы» тас жолының бойында ұстап, медициналық мекемеге жеткізді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жолда қалған 28 шетелдік эвакуацияланған еді.