$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жемқорлар ақшасына 62 мектеп салынады

19.12.2023ж. 20:00
780
Жемқорлар ақшасына 62 мектеп салынады

Жемқорлардан тәркіленген 96 млрд теңгеге 62 мектеп салынады. Нысан 76 мың оқушыға арналған. Биыл оның 17-і пайдалануға берілді. Жалпы жыл басынан бері 137 мың шәкірт үшін 165 жаңа мекеме бой көтерген. Білім саласында бұдан да өзге оң жаңалық көп. Мұғалімдердің жалақысы 25 проценте, ал студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға артты. Бала болашағына арналған түрлі жоба жүзеге асты. Жағымды жаңалықтар туралы әріптесім Аружан Задабек айтады.

Биыл 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде 12 апатты және үш ауысымда оқытатын 29 оқу ошағының мәселесі шешілген. 210-нан астам мекеме күрделі жөндеуден өтті.

Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы 740 мың шәкіртке жаңа форматтағы 369 нысан салынады. Тағы 461 мың бала үшін 217-нің құрылысы басталған.

Оның екеуі -Қостанайда. Оған 5,3 миллиард теңге бөлінген. Бірі - «Береке» шағын ауданында орналасқан. Мектеп 980 оқушыға арналған. Қазір құрылыстың 70 проценті аяқталды, келер жылы қолданысқа беріледі. Ал шаһар шетіндегі «Қонай» шағын ауданындағы білім ошағы 900 балаға шақталған.

Болат МҰҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қонай шағын ауданындағы мектеп құрылыс 2021 жылы басталды. Жергілікті мердігер салып жатыр. Мектеп үш блоктан тұрады.Үш қабат. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалды.

Оқу жылы басталғалы 1 миллион 600 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтылды. 718 мектеп 1 067 заманауи химия, физика, биология, STEM және робототехника кабинетімен жабдықталды.

Биыл жоғары білімді қолжетімді ету үшін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірленді. Бұл арқылы балаға арнайы шот ашылып, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады. Ата-ана айына кем дегенде 1 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна бөлсе, бала 18 жасқа толғанша 3 миллион 300 мың теңгеден астам қаражат жиналады.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұымдарындағы сақтық шаралары күшейтілді. Бүгінгі күні білім беру мекемелеріндегі техникалық жарақтандыруға толықтай қол жеткізілді. Бұл толықтай бейнебақылау камералары, дабыл түймелері, турникеттер мен арнайы күзет қызметкерлері.

Студенттерге қатысты да жаңымды жаңалық көп. Шәкіртақы 20 процентке өсіп, 41898 теңгеге жетті. Енді магистранттар - 97 024, ал докторанттар – 217 500 теңге алады. Колледжде білім алатындардың да ақысы 50 пайызға артқан.

Жатақхана мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Биыл 5 мың 900 орынға арналған 25 мекеме пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 19-ын ашу жоспарланған. Жалпы алдағы 4 жылдың ішінде 55 мың орын ашылады.

Мерген СҮЛЕЙМЕНОВ, ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ПРОРЕКТОРЫ:

Биыл республика бойынша ең алғашқы пилоттық жоба ретінде университет өзінің қаражатына жатақхана тұрғызды. Қазіргі таңда университетте 5830 студент білім алуда. Яғни, бұған дейін үш жатақхана болған. Бұл салынып тұрғаны төртінші жатақхана. Яғни бүгінгі таңда студенттер толыққанды жатақханамен қамтылуда.

Бұл – Орал қаласында салынған жаңа жатақхана. Ғимарат 600 орындық. Абаттандырылған аумақта спортпен айналысуға болады. Жастарға арналған демалыс алаңы бар. Тегін интернет те қосылған.Мүгедектігі бар студенттерге 16 орын арнайы бөлінген.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Үй сияқты жағдай жасалған. Екі бөлмелі үй деп айтамыз ғой. Сол сияқты. Мысалы, қыздармен тұруға бізге ыңғайлы.
- Техника жағынан үйдегідей жағдай жасалған. Қолайлы, бәріне ортақ. Кейбір бөлмеде екі бала, кейбір бөлмеде үш баладан жатады. Бәрі бірдей. Кухнясы бәрі керемет өте.

Оң өзгерістердің ұшы түлектерге де тиді. Биыл жоғары оқу орнын тәмамдаған кадрларды даярлауға 88 мың грант бөлінді, бұл былтырмен салыстырғанда 23 процентке көп.

Мұғалімдер жалақысында да өсім байқалады. Қаңтардан бастап 25%-ға артты. Осылайша 4 жылдың ішінде ұстаздар еңбекақысы 2 есе көбейген. Бұдан бөлек, 98 мыңға жуық тәрбиешінің ақысы 30 пайызға өскен.

Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Ғалымдардың жалақысы 2,5 есе өсті. Былтыр қыркүйектен бастап 1700 жетекші ғалымдарымыздың жалақысы 70% өсті. Ал жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының жалақылары 2023 жылдан бастап, жыл сайын республикалық бюджеттен 25% өсіп тұрады.

Елдегі жоғары оқу орындарының мәртебесі артып келеді. Оған әлемдік рейтинг дәлел. 21 қазақстандық университет кіреді. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Нәтижесінде елімізде беделі жоғары шетелдік білім ордаларының филиалын ашу жұмысы қолға алынды.