Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

"Қалың қар жауып, қатынас қиындады", - тұрғын

19.12.2023ж. 20:00
457
"Қалың қар жауып, қатынас қиындады", - тұрғын

Сарыарқа саршұнақ аязымен танымал. Астананы ақ ұлпасыз елестете алмайтынымыз сондықтан. Қыс басталғалы Арқаға қалың қар түспеді. Көпшілік "сағындық" десті. Жапалақтап жауған қар қыстың сәнін кіргізді. Тіпті түн ортасында ақ қала жасап, балаша қуанғандардың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бірақ жолдар жабылып, көліктер кептелді. Таңға дейін 44 жол апаты тіркелді.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Қыс басталғалы қалың қар Астанаға алғаш түсті. Шамамен 10-15 сантиметрдей. Түнімен жауған ақ ұлпа тұрғындарды біраз әбігерге түсірді. Әдетте мен таксимен жұмысқа 20 минутта жететін едім. Жарты сағат болды кептелістен жолдың жартысында еңсермедік. Тағы кептеліс.

Кептелісте қалған жалғыз мен емес. Көпшілігі жұмысына кешікті.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Жұмыстан кешігу болды. Осы кептелістің кесірінен. Жарты сағаттық жерге 1 жарым сағаттай жүрудеміз.
- Бүгін мысалы мен 7-де шықтым. Сабақ 9-да басталады. 2 сағат жолға кетті. Соның өзінде жарты сағат кешігіп бардым.
- Мен жаяу жүрдім. Шынын айтсам, жүру қиын. Өйткені тайғақ.

Расымен тайғақ. Қар түгелімен тазартылған жоқ, еріткіш заттар барлығына бірдей себілмеді. Көліктер арақашықтықты сақтамаса дөңгелегі тауып, бір-біріне зиянын тигізуі мүмкін.

ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Жол қозғалысы ережелерін, жылдамдықты, қашықтықты қатаң сақтаңыздар. Жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілерге де ерекше мұқият болғаны дұрыс. Сақтық шаралары жол-көлік оқиғаларының санын айтарлықтай азайтуға көмектеседі.

Түннен бері коммуналдық қызмет көшелерді қардан тазалауға кіріскен. Бірінші кезекте үлкен және маңызы бар жолдар, әрі қарай, қозғалысы орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар мен тротуарлар тазартылуда. Айта кетейік, қыс мезгілі басталғалы 100 мың текше метрден астам қар шығарылып, 6600 рейс жасалған.

Ержан ЖҰМАҒҰЛОВ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қардың қалың жаууына байланысты күшейтілген режимде қар шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін қала бойынша 2300-ден астам жол жұмысшылары және 1400-ден астам техника жұмылдырылды. Жаяу жүргіншілер жолы мен автомобиль жолына құм мен тұздың қоспасы себіліп жатыр.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Қыстың сәні қар. Көпшіліктің ақ ұлпаны қатты сағынғаны көрініп тұр. Осылай қар атысып, ойынның қызығына батқандарды көргенде қалай қарап тұрасың. Бізде шат-шадыман болып, балалық шаққа саяхаттайық.