Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

"Айуандықты жаңғырту деп есептеймін": Журналист Ертай Нүсіпжанов "Таптым-ау сені" фильмін қатаң сынға алды

AstanaTV
20.12.2023ж. 09:03
1124
"Айуандықты жаңғырту деп есептеймін": Журналист Ертай Нүсіпжанов "Таптым-ау сені" фильмін қатаң сынға алды

Журналист Ертай Нүсіпжанов касса жағынан рекорд орнатқан "Таптым-ау сені" фильмін қатаң сынға алды.

Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасына жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Үлкен экранға шығып жатқан Отандық фильмдердің дені арзан күлкі, көше қалжыңдарынан тұратын комедиялық жанрда түсірілген. Экшнді қойғанда, драмалық фильмдерді түсіруге біздің қалта көтерер еді деп ойлаймын. Киногерлермен сөйлесіп, осы жайында сұрасаң, көрермен сұранысына қарай жұмыс істеп жатқандарын алға тартып, біздің көрерменнің драманы көрмейтінін айтады. Қалтаның қамын ойлай бермей, бір сәт ұлттың жайын да ойлап қойған абзал еді…
Өз қаражатына түсіріп жатқан соң оларға қандай да бір арыз-талап айтуға моральдық құқық жоқ бізде. Алайда, “Қазақфильм”, мемлекет қолдауын пайдаланып көрерменге ой салатын, тәрбиелік мәні бар фильмдер түсіруге, комедия мен биография шеңберінен шығып, мен сияқты көрерменнің сұранысын қанағаттандыруға болмас па еді дейсің. Әзірге бұл бізге арман…
Жуырда ғана прокатка шыққан “Таптым-ау сені” фильмінің бір оқырман экраннан түсіріп алып таратқан эпизодын көрдім. Фильмді толық көрмесем де, осыдан-ақ оның деңгейі туралы түйін жасауға болады.
Шетел тәжірибесіне сүйенсек, ар-намысқа тиетін, адамды кемсітіп, қорлайтын, намысы мен құқын аяққа таптайтын бір ғана диалогы үшін кейбір киноны үлкен экранға жібермейді. Шектейді. Мына бір үзіндіде осы айтылғанның бәрі бар.
Әйелдердің ар-намысы, отбасылық зорлық-зомбылық туралы шырылдап айтып жүріп, сексуалды басқыншылықты насихаттайтын, қыздарды мал сияқты көретін, көрсететін фильмге барып қарқ-қарқ күлеміз. Түсініксіз қоғамбыз ғой…
Қыздарды еркінен тыс тұрмыс құруға мәжбүрлеу, оларға физикалық қысым жасау сияқты озбырлық әрекеттерді көрсету арқылы экран алдындағы жеткіншектің түпкі санасында жатқан айуандықты жаңғырту деп есептеймін.
Иә, ойсыз көзге мұның бәрі күлкілі. Мен де болсам көргенде езу тарар едім. Бірақ терең ойласаң бұл түк те күлетін дүние емес", - деп жазды журналист Ертай Нүсіпжанов.

Сондай-ақ журналист көрермендердің мәз болғандарына да жаны бататынын жазды.

"Анайы сөздер, белден төмен дүниені айтып күлдірген өте әдепсіз мазмұнды айтпағанда, орысша араластырып тілді ластағаны тағы бар. Әйелдің ер азаматқа аяқ көтергені де қызық, күлкілі бұл халыққа.
Осыны да керемет кино деп бағалап, арзан қалжыңдарына қарқ-қарқ күліп, көріп отырған көрермендердің мән бермей мәз болғаны жанға батады екен. Жетіскен екенбіз", - деп пікір білдірді журналист.