Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Қазақстан бокс федерациясы ел чемпионының Венгрия құрамасына ауысқанын растады

AstanaTV
21.12.2023ж. 06:28
706
Қазақстан бокс федерациясы ел чемпионының Венгрия құрамасына ауысқанын растады

Бокстан Қазақстанның екі дүркін чемпионы Владислава Кухта Венгрия құрамасына ауысты. Бұл ақпаратты боксшының өзі де, Қазақстан бокс федерациясы да ресми түрде растап отыр, деп жазады Bassport.kz.

Владислава Венгрия азаматтығын алып, аталған елдің чемпионы атанып үлгерген. Ол қазір Париж Олимпиадасына жолдама тарататын лицензиялық турнирге дайындалуда.

«Бұл өзі тағдыршешті шешімдер қабылданған жыл болды. Өзімнің де, бапкерімнің де еңбегін жоққа шығарғым келмей, тәуекелге бардым. Осы жылдағы ең қиын шешімдердің бірі – спорттық азаматтығымды ауыстыру. Енді мен Венгрия атынан сынға түсемін. Қазақстан әрдайым жүрегімде қалады. Бірақ тағдыр осылай болды. Білетін жандар түсінеді», - деп жазды Кухта желідегі парақшасына.

Осыған қатысты Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Азиз Қожамбетов пікір білдірді.

«Владислава Кухтаның қыркүйек айында құрамадан кеткені рас. Ол еліміздің екі дүркін чемпионы. 2022 жылғы ел біріншілігі Қостанайда өтіп, ол туған қаласында топ жарды. Сол сында Римма Волосенкомен кездесіп, терезесі тең өнер көрсетті. Әлем чемпионаты қарсаңында Кухта Марракештегі турнирге қатысып, бірінші айналымда жеңіліс тапты. Ал Волосенко Венгриядағы халықаралық сында қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген болатын.
Елге келген соң, екі боксшы арасында спарринг өткіздік. Сол кездесудің видеосы да бар. Бірінші раундта Римма жеңсе, екінші раунд Владиславаға берілді. Ал үшінші раундта Кухта ірі есеп айырмашылығымен жеңілді. Содан соң әлем чемпионатына бапкерлер Римма Волосенконы апарды. Владиславаға сәттілік тілейміз! Қазақ бокс мектебінің мықтылығын Еуропада да дәлелдеуіне тілекшіміз. Бұл салмақта елімізде де мықты боксшылар өсіп келеді. Қазір Қарағандыда Ғалым Жарылғапов турнирін тамашалап отырмын. Өте жақсы жастарды көзім шалды», - дейді Қожамбетов.

Атқарушы директордың мәліметінше, Венгрия тарапы еліміздегі танымал боксшыларға да құда түскен.

«Венгриялық әріптестеріміз Бекзад Нұрдәулетов пен Дархан Дүйсебайды өз қатарларынан көргісі келді. Бірақ ресми түрде ұсыныс түскен жоқ. Тек телефон арқылы әңгімелескенде және халықаралық жарыстарда кездесіп қалғанда осы мәселені алға тартатын. Білуімше, Бекзад бұл ұсыныстан бірден бас тартқан. Десе де, боксшыларды өз қатарына қосқан жағдайда да олар Олимпиадаға қатысып үлгермейтін еді. Сол себепті, бұл ойларынан бас тартқан сияқты», - деді Азиз Қожамбетов.