$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Еуропа елдерінде қауіпсіздік күшейтілді

AstanaTV
21.12.2023ж. 18:39
1139
Еуропа елдерінде қауіпсіздік күшейтілді

Еуропаның құқық қорғау органдары теракт жасауға әрекеттенген Хамас тобының мүшелерін құрықтады. Қазір қарт құрлықтың бірнеше елі лаңкестік қауіп-қатердің ең жоғарғы деңгейін енгізді. Рождестволық жәрмеңкелерде де қауіпсіздік күшейтілді. Бұл туралы Қазақстан Телеарнасы хабарлайды. 

Германия, Нидерланд, Дания құқық органдары қарт құрлық елдерінде лаңкестік жасамақ болған 7 адамды құрықтады. Бәрі Хамас тобының мүшелері. Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты радикалды ұйымдардан Еуропа мемлекеттеріне қауіп-қатер күшейді-дейді ЕуроОдақтың ішкі істер комиссары.

Илва Йоханссон, ішкі істер бойынша еурокомиссар;

Террористік шабуыл қаупі өте зор. Себебі, соңғы кездері Еуропалық Одақта антисимиттік және мұсылмандарға қарсы әрекеттер көбейді. Жақында Парижде болған теракт есіңізде шығар. Сондықтан біз қырағылықты арттыруымыз керек.

Қазір Еуропаның бірнеше мемлекетінде лаңкестік қауіп-қатер ең жоғарғы деңгейге көтерілді. Жаңа жылдық жәрмеңкелерде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Полиция қызметкерлері көшелерде рейд жүргізіп, «күдікті» деген азаматтардың құжаттарын жіті тексеріп жатыр.

Крис Ван, Брюссель қаласының тұрғыны:

Әрине, қорқынышты. Шабуыл кез-келген жерде, елде болуы мүмкін. Теракт болмайды деп ешбір мемлекет кепілдік бере алмайды. Әлем көшбасшылары Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге күш салса, біздің өмірімізге қауіп төнбес еді.

Адам көп шоғырланған жерлерде, діни рәсімдер өткізілетін орындарда қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету үшін Еуропалық комиссия 30 млн еуро бөлмек. Рождество мерекесін алаңдамай қарсы алу үшін кей елдер қоғамдық тәртіпті қадағалауға әскерилерді де жұмылдырмақ.