Елімізде бүйрек жетіспеушілігі зардабын тартып жүрген науқастар аз емес. Олардың қатарында егде және орта жастағы азаматтар, жастар да кездеседі. Дәрігерлер тарапынан оларға қажетті оталар жасалып, сауығып кетуіне үлес қосады. Осындай отаның бірін А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Болатбек Баймаханов Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасында жасады. Kazinform тілшісі белгілі дәрігермен сұхбаттасты.
– Болатбек Бимендіұлы, елімізде бүйрек және бауыр трансплантациясына байланысты күрделі оталар жасауға мән беріліп келеді. Оған өз мамандарымыз қаншалықты дайын?
– Елімізде 2011 жылдан бері бүйрек және бауыр трансплантациясы кең ауқымда жүргізілуде. Бүгінге дейін 1 000-ға тарта ота жасалды. Оның 700-і бүйрекке қатысты болса, қалғанын бауыр трансплантациясы құрайды.
Жалпы, елімізде 10 мыңнан астам адам бүйрек жетіспеушілігі ауруының зардабын тартып жүр. Олардың арасында жастардың да саны аз емес. Ауруды болдырмаудың жолы – скиринг арқылы бүйрек ауруын ерте анықтау.
Бұл – өте күрделі іс, оған әрбір дәрігер үлкен жауапкершілікпен қарайды. Тәжірибесі жоғары болуы ескеріледі. Біз облыстық көпбейінді аурухана дәрігерлерінің ұсынысын қабыл алдық. Аурухана оған қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ота төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Жалпы, бұл өте жіті назарда болды. Барлығы алдын ала зерттелді.
Науқас үш жылдан бері жасанды бүйрек аппаратына тәуелді болып келген. Енді оның бұрынғыдай толыққанды өмірге оралуына, диализ орталығынан тәуелсіздігіне жол ашылды. Сәтті ота науқасты уақыт пен тамақтануға байланысты шектеулерден босатты. Енді оның белсенді өмір салтын ұстануына болады. Науқасқа 36 жастағы туысқан ағасы донор болуға келісімін берген.
– Бүйрек жетіспеушілігі ауруының туындауына қандай жағдайлар себеп болады?
– Көптеген елде оған басты себеп ретінде қант ауруы айтылады. Ол біздің елімізде қан қысымы, гипертониялық аурулар бойынша жиі көрініс беріп отыр. Кейбір азаматтар оған қатысты дер кезінде ем алмай жатады. Соның салдарынан бүйрек жетіспеушілігі ауруларына ұшырайды.
– Науқастар ота жасауға дейін зерттеле ме? Оған байланысты қандай талаптар бар?
– Ем алушы облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы реципиент пен донор арасындағы генетикалық байланысты растайтын этикалық комиссиядан өткен. Комиссия құрамына заңгерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері кірді.
– Дүниежүзінде мұндай оталар негізінен қайтыс болған азаматтардың донорлығымен жасалатынын білеміз. Бұл бойынша біздің елімізде көрсеткіш қандай?
– Оныңыз рас, дүниежүзілік статистикаға сүйенсек, мұндай отаның 80 пайызға жуығы қайтыс болған азаматтардың донорлығымен жасалады. Ал біздің елімізде басым бөлігінде науқастарға жақын туыстары донор болуымен ерекшеленеді. Осыған орай тиісті заңдылықтарға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Әрине, науқастардың жағдайы тез ота жасауды қажет етеді. Трансплантация тәсілі ағза өзінің функциясын түгел жоғалтқан және басқа емдеу шарасы жоқ кезде қолданылады. Жалпы диализ уақытша адамның өмірін созуға мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтқанымдай, елімізде көбінесе бүйрек тірі донордан алынып жатады. Сосын оны отаға дайындау қажет. Дайындалғаннан кейін ауруға сол бүйрек қондырылуы керек. Жұмыс барысында екі бригада жұмыс істейді.
– Туысқанына бүйрегін берген донордың денсаулық жағдайы бақылана ма?
– Әрине, тірі донордың денсаулығына ертең ешқандай зиян келмеуі ескеріледі. Сондықтан алдын ала барлығы зерттеледі. Донорлыққа ниет білдірген азаматтың науқас болмауы ескеріледі. Отадан кейін өзін жақсы сезінуі тиіс.
Жалпы, донорлыққа ниет білдірген азаматтардың 50 пайызы ғана талапқа сай келуі қажет. Көп жағдайда оған қаны, ағзасы келмей жататын сәті бар. Кейбірінде өзінің науқасы бар екені анықталады. Сондықтан бұл – өте күрделі процесс. Отаның өзінің жауапкершілігі үлкен. Өйткені, сау адамның да денсаулығына жауапты екеніңді ұмытуға болмайды.
Бүгінгі хирургияда донорлық бүйректі сәтті трансплантациялау созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастардың өмір сүру сапасын қалпына келтіріп, олардың толық медициналық және әлеуметтік оңалуын қамтамасыз етеді. Аурудың дамуын болдырмаудың жолы – скрининг арқылы бүйрек ауруын ерте анықтау. Қазіргі уақытта Қызылорда облысында 85 трансплантацияланған науқас бар. Оның 82-сі туысқан донордан.
Бүйрек жетіспеушілігі негізінде дер кезінде ем алмау салдарынан туындайды. Кейінгі жылдарда науқастардың арасында жастардың үлес салмағы артып баратыны алаңдатады.
– Өзіңіздің басшылығыңызбен Қызылорда облысында бүйрек жетіспеушілігіне байланысты алғашқы ота жасалып отыр. Оған алдағы уақытта жергілікті дәрігерлердің тәжірибесі жете ме?
– Мұндай отамен айналысып жүргеніме біраз жылдың жүзі болды. Айтып өткенімдей, мыңға жуық науқасқа күрделі ота жасап, тәжірибе жинақтадым. Бұл жерде ең басты талап – дәрігердің тәжірибесінің жоғары болуы. Өйткені, сенің қолыңда адам тағдыры тұр. Отадан кейін жақсы нәтижеге қол жеткізуің тиіс. Науқастың өмір сүру деңгейі де саған байланысты.
Біз облыстық аурухана дәрігерлері дайын болғандықтан отаны арнайы келіп жасауға шешім қабылдадық. Жалпы, ота жасау әртүрлі жағдайда өтеді. Бүгінгі отамыз төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Жұмыс барысында тірі донордан бүйрек алынып, оны дайындағаннан кейін науқасқа салу отасы жүргізілді.
– Әңгімеңізге рақмет.