$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыдағы бетке ұстар медициналық мекемелердің бірінен дау шықты

25.12.2023ж. 20:00
636
Алматыдағы бетке ұстар медициналық мекемелердің бірінен дау шықты

Алматыда бетке ұстар медициналық мекемелердің бірінен дау шықты. №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері еңбекақыларын уақытылы алмайтындарын айтып, шағымданды. Ол-ол ма, тіпті, кейбір медициналық препараттарды да өз қаражаттарына алуға мәжбүр көрінеді. Өйткені, ауруханада қарапайым дәрі-дәрмек тапшы. Аталған мәселені «AMANAT» партиясы өз бақылауына алды.

№1 қалалық клиникалық ауруханасының қызметкерлері еңбекақы үнемі кеш төленетініне, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру аударымдар төленбейтініне наразы. Дәрігерлер шприц, маска сынды қарапайым препараттарды да өз есебінен сатып алуға мәжбүр екендерін айтты. 100-ден астам қызметкер осы және басқа да мәселелерін «Дәрігер» қоғамдық бірлестігіне жеткізді.

Әйгерім СЕЙІТОВА, «ДӘРІГЕР» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ауруханада ең бірінші, алдыңғы қатардағы дәрі-дәрмектердің болмауы – ол өте өкінішті жағдай. Ондай қалалық клиникалық аурухана жағдайында ондай тапшылық болмау керек. Медбикелер, дәрігерлер маған айтып, түбіртектерді жіберіп жатты. Өзіміздің қаржымызхға осы дәрілерді сатып алып отырмыз деп айтты. Кейбір дәрілерді науқастардың өздеріне алдыртып отырмыз деп түбіртектер жіберді.

Медициналық мекеме 2019 жылы 15 жыл мерзімге сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға өткен. Мәжіліс депутаты аталған мәселелердің басты себебі аурухананы нашар басқаруда деп санайды.

Константин АВЕРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл шын мәнінде сұмдық жағдай. Бұл мекеме жекенің қолына өтті. Әр бизнесмен алдын-ала барлық тәуекелдерді бағалап, инвестиция бөлудің жоспарын құру керек. Фармацевтикалық бақылау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі тексеріс жүргізетін болады. Сондай-ақ Республикалық Антикордан да тексеріс талап ететін боламыз.

Ал аурухана басшылығы өздеріне шаң жуытпайды. Бас дәрігер ауруханаға қаржыландыру жеткіліксіз мөлшерде бөлініп жатыр дейді. Сондай-ақ, тарифтердің төмендігін айтып ақталды. «Ал дәрігерлерді өз ақшасына медииналық препараттарды сатып алуға күштеген жоқпыз» дейді.

Эрнест ҚАЛИЕВ, №1 АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Дәрігерлердің уақытылы айлықтарын бермеу мәселесі осы жылы ғана сәуір, маусым, қараша айларында 3 рет туындады. Зейнетақы және әлеуметтік аударымдарға қатысты қарыздар тамыз айында басталды. Бірақ ол уақытша мәселе. Бұған себеп – қаржыландырудың жетіспеушілігі. Мысалы, пульмонолгия бөліміндегі науқастарға тариф 159.000 теңгені құрайды. Ал шын мәнінде біз бір науқасқа 220-240.000 теңгеден кем емес қаржы жұмсаймыз.

Аталған мәселе алдағы уақытта майшаммен қаралады. Ол үшін арнайы комиссия құрылды.

Әміржан НАБИЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Комиссия құрамына партиялықтардан бөлек қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, депутаттар мен белсенділер де енеді. Комиссия жұмысының нәтижесінде бұл олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті шараларды қолданатын боламыз. Тәуелсіз дәрігерлер де бұл іске өз бағасын бермек.

Егер инвестордың тарапынан қандай да бір бұзушылықтар анықталса, аурухананы басқарып отырған кәсіпкермен келісімшартты бұзу бек мүмкін.