Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Елімізде агроөнеркәсіптік кешен саласында 207 инвестициялық жоба іске қосылды

AstanaTV
25.12.2023ж. 20:00
494
Елімізде агроөнеркәсіптік кешен саласында 207 инвестициялық жоба іске қосылды

Биыл агроөнеркәсіптік кешен саласында 207 инвестициялық жоба іске қосылды. Жалпы құны 165 миллиард теңгеге жуықтайды. Елімізде мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы саласына салынып жатқан инвестиция көлемі артып келеді. Сондай-ақ мал шаруашылығы мен экспорт бойынша да өсім бар. Саладағы жетістіктер туралы тілшіміз айтады.

Биыл елімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі азайды. Оған себеп ауа райының қолайсыздығы дейді мамандар. Дегенмен диқандар ішкі нарықты қамтамасыз ете алатындай өнім жинады. Қамбаға 24 миллион тонна дақыл құйылды.

Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мен қолдауға 1,2 триллион теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 500 млрд теңге агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, 461,6 млрд теңге жеңілдікпен несие беруге, 100 млрд теңге 65 тауарлы сүт фермасын салуға, тағы 100 млрд теңге «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие беруге жұмсалды. Сонымен қатар 31,3 млрд теңге 350 мың тонна бидайды тікелеу сатып алуға бөлінді.

Жалпы өнім көлемі- 8,2 трлн теңге. Мал шаруашылығы 3,3 пайызға артып, бұл бағытта 3,8 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Ал азық-түлік өндірісі 2,9 трлн теңге, 1,9 пайызға артты. 164,5 млрд теңгеге 207 инвестициялық жоба іске қосылды.

Айдарбек САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Ауыл шаруашылығында 855 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Ал азық-түлік өнімдерін өндіруге 130 млрд теңге тартылды. Бұл өткен жылдан 9 жарым пайызға көп. «Ауыл аманаты» бағдарламасы да ауқымды іске асыру басталды. Оның шеңберінде биыл 100 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 17 мың микрокредит беру жоспарланып отыр. Бұл 18 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет отандық фермерлерге қосымша қолдау көрсету жөнінде бірқатар шараларды қабылдады.

Жамбыл облысындағы құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге келтірілген залалды өтеуге 3,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бидайды кептіру үшін 62,5 мың тонна көлемінде жеңілдікпен дизель отыны берілді. 400 мың тоннаға жуық көлемде жұмсақ бидайдың тұқым қоры қалыптасады.

Президент тапсырмасына сәйкес пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстары жалғасуда. 2022 жылдан бастап 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табады, дейді мамандар.