Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Биыл халық денсаулығына қауіпті 3 мыңға жуық тауар анықталған

25.12.2023ж. 20:00
428
Биыл халық денсаулығына қауіпті 3 мыңға жуық тауар анықталған

Еліміздегі базарлар мен сауда орталықтары талапқа сай емес. Соған қарамастан бағаны шарықтатып, сапасыз заттарды еш қысылмастан сөрелерінде қымбат бағаға саудалап отыр. Заң бұзушылықтарға ашықтан-ашық баратын орталық иелері ешкімнен қорықпайтын болып алған дейді депутаттар. Бағынбай кеткен меншік иелеріне Үкімет қандай шара қабылдамақ? Әріптесім Ақбота Базарбай тақырыпты тарқатады.

Азық-түлік, киім-кешек бағасы күннен күнге қымбаттап барады. Тауар құнының көтерілгеніне сауда орталықтары мен сауда үйлері, солардың қожайындары кінәлі деп ашық айтуға болады дейді депутаттар. Орталық иелері қоғамның ешбір талабына бағынбайтын мемлекеттің ішінен мемлекет құрып алған.

Баққожа АНАС, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

2018 жылы сауда орталықтарындағы дүңгіршектерді жалға беру құны 1 шаршы метріне 4 мың теңге болса, қазір 21 мың теңге - 5 есе өскен. Салдарынан киім-кешектің бағасы жыл сайын өсіп жатыр. Мысалы, 2018 жылы шұлықтың бағасы - 300 теңге болса, қазір - 1500 теңге. Көп бутиктерде есептеуіш құрал жоқ. Сауда орталықтары соны пайдаланып, коммуналдық төлемдерге ойына келген бағаны қояды. Араны ашылғаны соншалық, жалға беру бағасын қымбаттатқанымен қоса 2-3 ай алдын ала депозит талап етеді.

Маңдайы терлеместен миллиардтап пайда тауып отырған сауда орталықтары мемлекетке салық төлемеудің де амалын жақсы ойластырған. Көбі жалға беру ақысын қолма-қол ақшамен алып, кірістерін жасырады. Ақшаға әбден құныққан олар, жалған сертификатпен сапасы нашар заттарды да қымбат бағамен сатып отыр дейді Мәжілісмен. Жыл басынан бері халық денсаулығына қауіпті 3 мыңға жуық тауар анықталған.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сарапшылардың пікірінше, бір сертификаттың өзі 100 мыңнан астам тауарды сатуға мүмкіндік береді. Ал олардың ішінде сапасы күмән келтіретіндер де болуы мүмкін. Сондықтан да аккредиттеу жөніндегі органның, зертханалар мен сарапшы-аудиторлардың қызметіне қойылатын талаптарды қатаңдату қажет, сондай-ақ оларға бақылауды да күшейту керек.

Базарлардың көбі заман талабына сай емес. Көбі қала құрылысы, өрт және санитарлық стандарттарға сәйкес келмейді. Сондықтан, еліміздегі базарлар талапқа сай өзгертіледі дейді сауда министрі.

Арман ШAҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Бизнеспен бірге базарларды жаңартуды қажет ететін объектілер анықталды. 460 универсалды базардың 195-ін заман талабына сай өзгерту қажет болған, олардың 121-і жаңартылды. Қалған 74-і бойынша әкімдіктермен және базарлардың меншік иелерімен бірлесіп 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Өздеріңізге мәлім, жаңартуды аяқтаудың әртүрлі мерзімі белгіленді, яғни облыстар үшін – 2025 жыл, ал Астана мен республикалық маңызы бар қалалар үшін – 2023 жыл.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын Ауыл шаруашылығы министрлігі, монополияға қарсы орган, әкімдіктер, Азық-түлік корпорациясы және тұрақтандыру қорлары өз бақылауларына алды. Сондай-ақ, биылдан бастап салық ревизиясы басталды. Сауда орталығындағы нүктені субарендаға беруге заңмен тыйым салынды. Ал сауда орталықтарының монополиясын көпформатты сауда-саттықты дамыту арқылы ғана шектеуге болады дейді Жауапты ведомство.