Бразилия футбол конфедерациясының (CBF) президентін сайлауға араласқан жағдайда Бразилия барлық ресми жарыстардан шеттетілуі мүмкін. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ TheWeek басылымының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды. ФИФА қауымдастығының хабарлауынша, Эдналдо Родригесті президент орынына тағайындау үшін шұғыл сайлау өткізген жағдайда Бразилия ұлттық құрамасы барлық жарыстан шеттетіледі. Желтоқсан айының басында Рио-де-Жанейро соты Родригесті 2022 жылғы сайлауда заң бұзғаны үшін қызметінен босатқан еді. Осыдан кейін, Бразилия Жоғарғы спорт сотының басшысы Жозе Пердис CBF басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды және ұйымның жаңа президентін 30 жұмыс күні ішінде сайлауға жауапты болды. ФИФА бұны негізсіз араласу деп санайтынын мәлімдеді. Ұйым Оңтүстік Америка футбол конфедерациясымен (КОНМЕБОЛ) бірге мәлімдеме жасады.
"Егер CBF-ті ФИФА органдарының бірі шеттететін болса, онда ол барлық мүшелік құқықтарын тоқтатады. Сонымен қатар ФИФА шеттетуді тоқтатқанға дейін күшінде болатынын атап өткіміз келеді. Яғни, ұйым шеттетілген кезде CBF командалары мен бразилиялық клубтар халықаралық жарыстарға қатыса алмайды", –делінген ФИФА мәлімдемесінде.
Бразилия футбол федерациясының қазіргі президенті Пердис бұған жауап ретінде сайлауды белгіленген мерзімде, ашықтық пен адалдықты сақтап өткізуге шақыратынын мәлімдеді. Айта кетейік, Бразилия құрамасы жаңартылған ФИФА рейтингінде бесінші орында тұр. Бразилиялықтар бес дүркін әлем чемпионы, сонымен қатар Америка Кубогының тоғыз дүркін иегері.