Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Жыл ішінде жаһандық жарыстарда тарихи жеңістерге куә болдық

26.12.2023ж. 20:00
582
Жыл ішінде жаһандық жарыстарда тарихи жеңістерге куә болдық

Биыл спортшыларымыз үшін жемісті де, жеңісті жыл болды. Дүбірлі додаларда 586 медаль жеңіп алды. Оның 373-і Олимпиадалық спорт түрлері. Футбол, аралас жекпе-жек, теннисте де ел намысын қорғап жүрген саңлақтар жеңіс тұғырынан көрінді. Спорт саласында бағындырған белестерді Сүндет Оралбек шолып шықты.

Биыл қазақ футболы жылы десек артық емес. Ұлттық құрама аяқдопшылары кәрі құрлық чемпионатының іріктеу кезеңінде сенсация жасады. 6 рет жеңіске жетіп, 18 ұпаймен 4-ші орында тәмәмдадық. Қарсыластарға 16 гол соғып, 12 доп қана жібердік. Жолдаманы жұлып аламыз деген ой басым болған еді. Бірақ, сәттілік жетіспеді. Ұлттық құрама мұндай жетістікке жетеріне ешкім сенбеді. Барлығы Данияны өз алаңымызда 3:2 есебімен ұтқан сәттен басталды. Еліміздің бас аренасында даттарға керемет камбэк жасадық. Команда капитаны Асхат Тағыбергеннің алыстан соққан голы Пушкаш сыйлығына үміткерлер тізіміне енді.

Ұлттық құрама жігіттері Солтүстік Ирландия мен Сан Мариноны екі рет алдын орап кетті. Финляндия, Дания, Словения сияқты байрақты бәсекелерде төбе көрсетіп жүрген командалардың өзі бізбен сақ ойнады. Футболшыларымыздың қарқыны жаман емес. Оған жанкүйерлер де дән риза. Мемлекет басшысы да өз алаңымызда өткен ойындарға барып, жігіттерді жігерлендірді.

Қартқұрлықтың басты бәсекесінен әлі үміттіміз. Көктемде Ұлттар лигасының іріктеуінен сүрінбесек болғаны. Оған жігіттер тыңғылықты дайындаламыз деп белсеніп отыр. Қазір ел мақтаныштары таңдаулы клубтардың қатарында өнер көрсетеді. Мәселен, Рамазан Оразов, Нұралы Әліп секілді футболшыларымыз да өзге елде доп теуіп жүр. Биыл Қазақ футболындағы ең атышулы трансфер орын алды. Бахтиер Зайнутдинов «Бешикташ» командасының жейдесін киіп, дебюттық кездесуінде гол соғып көзге түсті.

Футзалдан Қазақстан құрамасы келер жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің 6 ойынында да жеңілмеді. Осылайша Еуропадағы үздік команда деп танылды. Рикардо Кака шәкірттері Румыниямен кездесіп, 2:0, 4:3 есебімен жеңіске жетті. Екі мәрте Нидерландты 2:0, Әзербайжанды 4:2, 3:2 есебімен тізе бүктірген еді. Алты турдан кейін 18 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы турнир кестесінде көш бастады. Ойыншыларымыз әлем чемпионатының жолдамасына бір тур бұрын қол жеткізді. Футзалдан іріктеу кезеңінде бұл көрсеткішті басқа ешбір команда қайталай алмады.

Хоккейден Қазақстан жастар құрамасы Әлем чемпионатының топтық кезеңінде 4 ойын қатарынан жеңіске жетті. Мажарстан, Франция, Дания және Жапониядан басым түсті. Тек соңғы матчта Австрия жастарына булиттер сериясында есе жіберді. Дания ұлттық құрамасымен кездесуден соң ұйымдастырушылар Қазақстанның әнұранын екі мүмкіндіктен де қоса алмады. Десе де жас спортшылар мұзайдыннан кетпей, әнұранды жанды дауыста өздері орындап шықты. Саңлақтардың бұл ісі көпшілікті сүйсіндірді.

Бүкіл әлем көз тіккен UFC турнирінде де ауыз толтырып айтатындай жетістіктеріміз бар. Батырымыз Шавкат Рахмонов Лас-Вегаста өткен кездесуінде американдық Джефф Нилды уақытынан бұрын тізе бүктіріп, рэйтингте 6-шы орынға табан тіреген еді. «Номад» еліміздің тәуелсіздік күнінде барша қазақстандықтарға сый жасады. UFC 296 турнирі аясында Стивен Томпсонды жеңіп, спортшымыз жеңіліссіз сериясын 18-ге жеткізді. Осылайша 8 рет нокаутпен жеңіп, турнирде жартылай ауыр салмақта 3 орынға тұрақтады. Бұдан бөлек Асу Алмабаев, Азат Мақсұм аталған бәсекеде өздерінің алғашқы кездесулерінде көк байрағымызды көкке көтерді.

Былғары қолғап шеберлері үшін де биылғы жыл сәтті болды. Бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатында Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай жеңіс тұғырынан көрінді. Кәсіпқой бокста әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуін қорғап қалды. Ол канадалық Стивен Батлерді нокаутпен тізе бүктірді. Күзде екінші шаршы алаңдағы белдесуінде де Жәнібек неміс спортшысы Винченсо Гуальтьиериді жеңіп, IBF чемпионының белбеуін тартып алды.

Ханчжоуда өткен Азия ойынында қоржынға 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлде түсті. Осылайша 11 орынға табан тіредік. Стенд атудан Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панариналар алтыннан алқа тақты. Олар скит бағдарламасынан командалық жарыста топ жарды. Дәл осы Әсем Орынбай мен Едуард Ещенко стенд атудың скин жаттығуы микст жарысынан жеңімпаз атынды. Сондай-ақ 10 метрлік жүгірмелі нысананы мылтықпен атудан Зухра Ирназарова, 500 метрге жұптасып каноэ есуден Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жеңіс тұғырынан көрінді. Ал велоспорттан ерлер арасында жекелей жарыста Алексей Луценко, топтық жарыста Евгений Федоров бірінші орынға ие болды. Каратэшілер арасында Софья Берульцева, Нұрқанат Әжіқанов, Қайсар Алпысбай, джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан қоржынына алтын жүлде салды.

Биыл Тәуелсіздік алғалы еркін күрестен алғаш рет алтыннан алқа тағындық. Сербия астанасы Белградтта өткен байрақты бәсекеде Риззабек Айтмұхан жеңімпаз атанды. Балуанымыз алдымен Мажарстан спортшысы Балаж Юхасты 13:3 есебімен, түркиялық Фейзулла Актюркті 11:0 есбімен, Жартылай финалда Мириани Майсурадзеден басым түсті. Финалда әзірбайжандық Осман Нұрмагомедовпен кездесті. Бас кезде қарсылас 2:0 есебімен алда тұрған. Соңына қарай балуанымыз жеңісті жұлып әкетті. Қорытынды есеп 5:2. Спортшымыздың жаттықтырушыдан ту сұраған сәті әлеуметтік желіде желдей есіп, мыңдаған қаралымдар жинады.

2023 жыл теннис әлемін дүр сілкіндірді. Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Австралияда өткен Ашық чемпионаттың финалисі атанды. Ақтық кездесуде Беларус спортшысына есе жібергенмен, Елена кәсіби еңбек жолында алғаш рет әлемнің оныншы ракеткасы атанды. Наурызда Елена Арина Собольенкодан басым түсіп Индиан-Уэллстегі WTA-1000 турнирінің жеңімпазы атанды. Осылайша теннисші әлемдегі ең көп жалақы алатын спортшылардың ондығына енді. Оның биылғы табысы 9,5 миллион долларды құрады.

Бұл жыл ішіндегі жетістіктеріміздің бір парасы. Алда талай додаларда бағымыз бен бабымыз қатар шауып, саңлақтарыңыз биік шыңдарды бағындыра беретіне сенім мол!