Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қарқаралыда адамға шапқан қасқырдан құтырма ауруы анықталды

AstanaTV
27.12.2023ж. 21:54
1260
Қарқаралыда адамға шапқан қасқырдан құтырма ауруы анықталды

Өткен аптада Қарқаралының үш тұрғынына шабуыл жасаған қасқырдан құтырма ауруы табылды. Бүгіннен бастап ауданда бір айға бірқатар шектеу енгізіліп жатыр, деп хабарлайды ekaraganda.kz.

Қарқаралы ауданының әкімдігі үш әйелге шабуыл жасаған қасқырдан құтыру ауруы ресми түрде анықталғанын хабарлады. Жануар жойылғаннан кейін оның материалдары зертханаға сараптамаға жіберілген. Жануардан қауіпті ауру фактісі расталған. Сондықтан Қарқаралыда мал, сондай-ақ үй мысықтары мен иттері егіледі. Сонымен қатар ауданда басқа да шектеулер енгізіліп жатыр екен.

"Қарқаралыда 27 желтоқсаннан бастап алдын алу мақсатында кейбір шектеулер енгізіледі. Бұл шара жойылған қасқырдың құтыру ауруына шалдығуына байланысты. Осыған байланысты: иттер мен мысықтардың көрмелерін өткізуге, иттерді серуендетуге; құтыру ауруы табылуы ықтимал өнімдерді (сүт, ет, тері) сатуға және өңірден шығаруға; иттер мен мысықтарды әкетуге тыйым салынады. Иттерді, мысықтарды және басқа да жануарларды ұстау жағдайларын тексеру үшін аула аралау шарасы жүргізіледі (ауруға күдік болса - дезинфекция жүргізіледі)", - деп түсіндірді әкімдіктегілер.

Шектеулер шамамен бір айға енгізіледі. Еске салайық, 21 желтоқсанда Қарқаралыда үш адамға қасқыр шапқан. Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы өкілдері ауруханаға үш адам жүгінгенін айтты.

Ем алғаннан кейін барлық пациент құтыруға қарсы препараттар енгізілген, олар амбулаториялық емдеуге жіберілген. Сол күні адамдарға шабуыл жасаған қасқыр өлтірілді.