Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қостанай облысында ақ түтек боранда екі адам қайтыс болды

27.12.2023ж. 20:00
632
Қостанай облысында ақ түтек боранда екі адам қайтыс болды

Қостанай облысындағы ақ түтек боранның салдарынан жүзден астам елдімекенде жарық өшіп қалды. Жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен дүлей дауыл Лисаков қаласы мен Садыркөл ауданында орталық алаңдағы шыршаны құлатты. Ал Тобыл қаласында 4 қабатты тұрғын үйдің шатыры ұшып кетті. Адамдар зардап шеккен жоқ. Тек газ қазандықтарының мұржасы қирап, төрт көлік зақымданған.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Кеше кешқұрым боран басылып, жолдар ашыла бастады. Желдің екпіні де бәсең. Бірақ көктайғақтың салдарынан бірнеше ауданда сабақ онлайн өтіп жатыр.

Ат құлағы көрінбейтін ақ боранда жоғалған үш адамның бірі – бақташы аман-есен табылды. Ал Степное ауылынан Тобыл қаласына жаяу шыққан 58 жастағы әйел мен оның 11 жастағы немересі ақ түтекте адасып, ажал құшты. Қарт ана мен қаршадай қыз үсіп өлген. Полицейлер тиісті тергеу шараларын жүргізіп жатыр.

Тілеуберді НҰРАХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Іздестіру шаралары барысында ауыл маңынан 1965 жылы туған әйел мен 2012 жылы туған қыздың денесі табылды. Марқұмдар үсіп өлген.Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Елді шошытқан екпінді жел облыстағы 4 тұрғын үй мен 15 білім беру мекемесінің шатырын жұлып әкеткен. Адамдар зардап шеккен жоқ. Жарығы өшкен елді мекеннің көбіне электр қуаты берілді. Алайда Тобыл қаласындағы екі мыңға жуық абонент кешеден бері жарықсыз отыр.Мұнда қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Данияр СӘБИТОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кеше 7 мың абонент жарықсыз қалған еді. Жөндеу бригадасы түні бойы жұмыс істеді.Қазір 24 елдімекен тұрғындары жарықсыз отыр.Оларға тез арада электр қуатын беру үшін 11 бригада жұмыс істеп жатыр.

Облыс аумағында 257 жылыту орны дайындалды. Коммуналдық кәсіпорындар күштейтілген режимде жұмыс істеп, алты жүзге жуық техника жолға құм мен тұз қоспасын төгіп, қардан тазалады.

Арман ӘБЕНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

14 авариялық құтқару жұмысы жүргізілді.Жиырма адам құтқарылды.Оның ішінде бір жүкті әйел және бір бала бар.Республикалық маңызы бар авто жолдарға 85 техника, ал облыстық және жергілікті жолдарды тазарту үшін мердігерлік ұйымдардың 526 техникасы қызмет көрсетеді.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Қазгидромет мамандарының болжамына сәйкес алдағы күндері аймақта қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады .Өңірдің оңтүстік және батысында жел екпіні секундына 20-23 метрге дейін жетеді. Түнде минус 10-13 градусқа дейін суытып, күндіз 5 градусқа дейін жылиды.