Еліміздегі жылу орталықтарының 80% әбден тозған. Бұл аздай жылу құбырларының да жағдайы мәз емес. Саланың жағдайы мүшкіл екенін былтыр Екібастұздағы ғаламат апат айғақтап берді. Қақаған суықта мұндай оқиғаның биыл да қайталануы бек мүмкін. Сондықтан айтып келмейтін апат қапы қалдырмас үшін үкімет пен жергілікті әкімдіктер тездетіп қамдануы тиіс. Бүгінгі сұхбатында Президент жауапты сала басшыларына осындай пәрмен берді.
Жаңа үйден пәтерлі болған оралдықтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Тіпті желтоқсан айында азынаған үйде бала-шағасымен тоңған тұрғындар ашуын әкімнен алды. Ал мамандардың айтуынша, осы ықшамауданда көпқабатты үйлерге шағын жылыту қазандығының қауқары жетпейді. Тұрғындарды тоңдырмау үшін бір ғана Оралдың өзіне кемі 30 миллиард теңге керек. Себебі қаладағы жылу орталығы 83% тозса, жылу желілерінің тең жарымы жарамсыз.
Алмат АШИКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Барлығын бірдей бір уақытта іске асырып, оны жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Өйткені қаржыға келіп тіреледі өздеріңіз білесіздер. Сол себепті жылма жыл жөнделетін болады. "Жайықжылуқуат" АҚ тарапынан және әкімшілік тарапынан он жылға жоспарымыз бар. Соған сәйкес бірнеше нысандарымыз бар. Соған жобалық-сметалық құжаттама жасақтап, оны жүзеге асыратын жоспарымыз бар.
Бұл жағдай тек Орал емес, өзге өңірлерде де бар. Әсіресе былтыр қыста қар бүркеніп, мұз жамылып, қатты қиналған екібастұздықтарға жақсы таныс.
Ержан ТЕМІРХАНОВ, ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
Біз жыл сайын миллион-миллион, осы бірінші, екінші ТЭЦ-қа миллион-миллион ақша, инвестиция құйдық дейді. Сонда қайсысы шын, қайсысы дұрыс? Сондай инвестиция миллиондап құйса қайда? Жаңа құбыр қайда, жаңа қазандық қайда? Басқасын білмеймін, қағаз жүзінде бәрі жақсы болды.
Жағдайдың мүшкіл екенін Президент бүгінгі сұхбатта баса айтты. Бұл - көп жылғы салғырттықтың салдары. Осының кесірінен өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа қондырғылардың 80% әбден тозған.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ :
Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Қазір жылу желілері әрең жұмыс істеп тұр. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айларында Үкімет пен әкімдіктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс істеді. Жағдайы сын көтермейтін бірқатар нысан жөнделді.
Президент Үкімет пен әкімдіктерге батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуды тапсырды. Жаңа қуат көздерін ашып, желілерді біртіндеп жаңарту керек. Өйткені былтыр қарашадан бастап қиналған қарашаны ақпанның аз әлекке салмасы анық.