Жаңа жыл түні елімізде пиротехникалық бұйымдардан 16 адам зардап шекті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"1 қаңтар күні Шығыс Қазақстан облысында 15 жастағы жігітке медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлер шақыртылды. Ол көшеде петарда тауып алған және қолында жарылып, сол алақаны 10 см көлемінде ашық жарақат алған. Үш саусағында тырнақ пластинкасы жоқ, төртінші саусағының ұшы жоқ, бетін термиялық күйік шалған. Ол Өскемен қаласының Ана мен бала орталығына жатқызылды", – делінген министрліктің ресми жауабында.
Жамбыл облысында дәрігерлер 2 шақыруға барған. Ондағы екі адамның да қолында петарда жарылған және екеуі де ауруханаға жатқызылды.
Түркістан облысында 1 қаңтар күні 26 жастағы ер адамға медициналық көмек көрсетілді, ол отшашу жағамын деп, білегін жеңіл жарақаттаған.
Алматы қаласы бойынша 31 желтоқсан мен 1 қаңтар күндері 12 адам пиротехникадан зардап шеккен, оның ішінде 4 бала бар. 9 адам, оның ішінде 3 бала ауруханаға жатқызылған.
Қалған өңірлерде пиротехникадан (отшашудан) зардап шеккен тұрғындардан шақырту түспеген.